Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінен қант қызылшасы айрықша маңызға ие. Сондықтан тәтті түбірді өсіру, оның алқап көлемін ұлғайту және өнімділігін арттыру облысымыздың маңызды стратегиялық саласы санатында.
Осы мақсатта соңғы жылдары бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Аталмыш бағыттағы үздік шаруашылықтардың жұмысымен жете танысып, жаңа, озық технологияларды меңгеру, заман талабына сай тыңайтқыштарды тиімді қолдануды көзбен көрсетіп, қолмен ұстататын сан түрлі тақырыптық жиындар ұйымдастырылды. Оның нақты нәтижелермен ұштасқандығына бірқатар шаруа қожалықтарының қант қызылша алқабын аралағанда көз жеткіздік. Жалпы қант қызылшасы – бабы мен күтімі келіссе мол өнім беретін өсімтал әрі табысты дақыл. Мұны қызылша өсіруден мол тәжірибе жинақтаған Алмалы ауылдық округіндегі «Жас қанат» шаруа қожалығы жақсы біледі. Аудандағы алдыңғы қатардағы аталмыш қожалық басшылары Қанат пен Ерлан Блискелдиновтарды егістік басынан, қызу еңбектің ортасынан таптық.
–Былтыр 100 га жерге қант қызылшасын ексек, биыл оның көлемін 150 гектарға жеткіздік,- дейді Қанат Блискелдинов – шамамен орта есеппен 350-400 центнерден айналады деген ойымыз бар.
-Биыл өздеріңіз көргендей қант қызылшасының түсімі өте жақсы – дейді аудан әкімінің орынбасары Арман Мұқанов.
Аудан басшысының орынбасары өз сөзінде:
– Барлығы 2850 гектарға егілген аталған өнімнен гектарына орта есеппен 400 центнерден алуды жоспарлап отырмыз. Былтыр аудан бойынша 2000 га көлемге тәтті түбірді сіңіріп, түсім орта есеппен 362,7 центнерді құраған болатын». – деді.
Қант зауытына тәтті түбір тиеген жүк көліктерінің алғашқы легі Ақсу қант зауытына жол тартты.
Айта кету керек, биылғы жылы аудан бойынша 63 ауыл шаруашылқ техникасы 1 млрд. 243 млн.теңгеге алынған.