Менің елім-Қазақстан! Бұл әрбір дала перзентінің кәрісі бар, жасы бар көкірегін кернеген мақтанышпен айтатын сөзі. Туған ел, Отан деген сөздер қастерлі де қасиетті сөз болып есептеледі.
Қазақ халқының тарихына көз жүгіртер болсам,әр буын белгілі бір сынақты басынан өткерді.Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды,Алқакөл сұламаны» аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргін, дүниежүзілік соғысты көрді,ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты.Талай зұлмат заманды мен нәубеттерді бастан өткерді,осының бәрі халықтың есінде сақталып ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс. Қазақ халқының тарихын ойлағанда көз алдыма толқынды асау теңіз елестейді,толқын толастамайды,ағыс азаймайды,өйткені тарих сыры ән-жырға құмар халықтың сезімімен,қиялымен,ойымен араласып жаңа бұлақтардың көзін ашады, сол арқылы дария суын молайтады. Қазақ баласы тарихтың сүрлеуінен өтті,жері қандай кең болса, тауқыметі де соншалықты мол болды. Өздерінің ой-ақылдарымен, жүрегімен, жанымен бостандық үшін жанын пида еткен Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаевтардың ерлігі бізге үлгі. XX ғасырдың бізге сыйлаған басты бақыты-еліміздің тәуелсіздігі, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ.Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады,бұл ата-бабаларымыздың аңсаған азаттық тұғыры нығая түскенін әйгілетін маңызды белес.Егемендігіміздің мәңгілік құндылығы-Жеріміз,Тіліміз және Береке-бірлігіміз деп айта аламын,сол себепті осы үш құндылықты көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.Сонымен қатар баршамызға ортақ құндылық бар,ол-киелі Тәуелсіздік. «Тәуелсіз елдің-ұлы өжет,қызы-қайратты, халқы-қаһарман!»,-демекші Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен,үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады,сонда ғана біз Тәуелсіз мемлекетімізбен ата-бабаларымыздың көптен көксеген асыл арманы болатын,сол асқақ арманға қол жетті.Тәуелсіздік күнінің орны мен үшін ерекше,бұл еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн.
Мен өзімді бақыттымын деп айта аламын, себебі дербес елім, Тәуелсіз жерім, ана сүтімен қанға сінген қасиетті қазынам-ана тілім бар,ата-бабаларымыздан қалған кең байтақ жерім бар.Менің негізгі мақсатым-осы елім мен жеріме қызмет ету.
«Құтты болсын Тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі,
Тату-тәтті боп халқымыз әрқашан
Кетпесін туған жердің берекесі»,-деген өлең жолдарымен аяқтағым келіп тұр. Мен Қазақстан Республикасының азаматы болғаныма мақтанамын!
Нұрай Ерболат,
әл-Фараби атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы.