Тәуелсіздік – бойтұмары елімнің

Азаттықтың арайлы таңы атып, тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы еді. Айымыз оңынан туып, Тәңір тілегімізді беріп, төрт құбыламыз теңелді. Алаштың айбыны асқақтады. Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды. Сол Тәуелсіздігімізге биыл мерейлі 30 жыл толды. Өткеннен өнеге алып, болашаққа бағдар түзеуге мол мүмкіндік туды. Сонау 1991 жылы өз алдымызға отау тіккен  шақта еліміздің тізгінін қолға алған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: егемендіктің мән-маңызына айрықша тоқталып, «Қазақстанның тәуелсіздігі – қазақ халқына тағдырдың тартқан сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткізген өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп, қазақ деген халықтың абыройын асырып, атын әлемге танытты. Ал белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев: «Тәуелсіздігіміздің негізгі рухани тірегі, болашағымыздың негізгі рухани кепілі – байырғы халқымыз» — деді. Әлемде екі жүз елуге жуық мемлекет болғанымен, оның ішінде күні бүгінге дейін басқа мемлекетке бағынышты өмір кешіп, тәуелсіздігін алмағаны қаншама! Сол себепті Тәуелсіздік ұғымы біз үшін қасиетті, қастерлі. Тәуелсіздіктің көк туын берік ұстау бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан, егеменді еліміздің қазіргі өскелең ұрпақтарына тәуелсіздіктің тарихын тереңірек түсіндіру, қастерлете білу баршамыздың міндетіміз болуы тиіс.

Тәуелсіздік – кешегі бабалар аңсауы болса, бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз деп әспеттеледі. Ендеше ең басты құндылығымызды баянды ету біздің қолда. Елімізге белгілі ақын Серік Сейітман  «Тәуелсіздік» атты жырында: «Тәуелсіздік – Алашымның арманы! Тәуелсіздік – Алтын Күнім таңдағы! Тәуелсіздік – бесік-жүрек халқымның, Жүрегінде тербетілген ардағы!-деп толғанып,  азаттықты халқымыздың бойтұмарына теңеп, «Одан асқан қастері жоқ қазақтың!» дейді. Ия, кемерінен асқан шат көңілдің күйін дөп басқан азат елдің ардағы ақыннан асырып айту мүмкін емес. Ең бастысы сол Тәуелсіздігім баянды, келешегіміз кемел болғай!

Нұраш Қасенова,

Екіаша орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: