Азаттықты ту еткен қазақ халқының ел болу жолындағы алғашқы қадамдарының бірі — Тәуелсіздік. 1991 жылғы 16 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған конституциялық заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 28 жыл толды.
Тарихқа көз жіберетін болсақ, тәуелсіздік — 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Патша дәуірінде де, кеңес одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едеуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін хх ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтуі.
Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына, міне, жиырма сегіз жыл толып отыр. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Біздің стратегиялық міндетіміз ең бірінші тұрғындардың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып табылады.
Мемлекет басшысының көрегендігімен дер кезінде жүзеге асырылған саяси экономикалық реформалардың арқасында экономикасын түзеп, тығырықтан шықты. Қазақстанда шұғыл бетбұрыс 1995 жылдан басталды. 2000 жылдың басында еуропа қауымдастығы, ал 2002 жылы Америка тарапынан Қазақстан нарықтық экономикасын қалыптастырып ел ретінде танылды. Елбасының жүргізіп жатқан саясатының арқасында Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Қазақстанның еқыұ-ға төрағалық етуі қазақ елінің дүние жүзі қауымдастығы алдындағы беделін биіктете түсті. Ең бастысы мемлекет басшысы нақтылаған «Қазақстан 2030» стратегиясының мақсаттары мен міндеттері ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекеттік, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла бермек.
Бүгінгі таңда елімізде халықаралық стандарттарға сай заң базасы құрылды, әділет органдарының өкілеттігі кеңейіп құлаш жайып, алға қойылған міндеттерді атқаруда.
Біз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтарды басымыздан өткіздік, енді осы тәуелсіздігімізді қадірлеп-қастерлеп, халқымыздың әл ауқатын жақсартуға, экономикасын ары қарай көтеруге, мемлекетіміздің гүлденіп жайнауы және демократиялық-құқықтық мемлекет құру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет.
Д.Курманбаев,
Сарқан ауданының
тарихи музейінің меңгерушісі.