Тәуелсіздік – киелі ұғым

Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі. Өзінің алдында дербестігі. Тәуелсіздік – сіздің тыныстап отырған, еркін әрі бақытты күн кешіп жатқан Отаныңыз. Әлемде екі жүзге тарта тәуелсіз мемлекет бар. Олардың өзі тілі, діні, ділі, салты мен дәстүрі, ғұрпы, мәдениеті дамыған. Оған қоса ішкі және сыртқы экономикасы да қалыптасқан.

Қазақстан – өз әнұраны, елтаңбасы, көк байрағы мен ұстанымы бар зайырлы мемлекет. ТМД елдері арасында тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда жариялаған күннен бастап бұл елдің өз халқы, өзіне тән ұлты мен тілі бар.

Тәуелсіздік не үшін киелі ұғым?  Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап бабаларымыз жасап келе жатқан дәуірлердің есебінде кеткен шайқастар, аштық, жау тылында қалған жұрттың әрбір қаны мен көз жасына қарап тәуелсіздіктің қандай керемет ұғым екенін сезінесіз. Біз бейбіт елдің ұрпағымыз, біз еркін елдің ұландарымыз. Бірақ бізге дейінгі осынау ұлан-байтақ жерді, елді аманаттап келе жатқан батырлар мен ұлы тұлғалардың төккен тері өз алдында бір төбе.

«Кие» деген сөздің өзі үлкен мәнге ие. Оның астарында тоғысып кететін бүкіл бір тағдырдың тауқыметі мен қасиеті жатыр. Сондықтан да еркіндікті аңсап өткен хандарымыз үшін, біз үшін тәуелсіздікке баға жетпейді. Елдің еркіндігін аңсау бар, оған жету бар және оны ұстап қалу деген жауапкершілік бар. Үш түрлі кезеңнің үш түрлі тарихы бар. Біз дәл осы кезеңнің үшіншісіндеміз. Яғни, келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпақпыз. Ендеше қолда бар алтынның қадірін білу оны келесі бір дәуірге аманаттау және жеткізу – мойнымыздағы парыз.

Ертеңгі елдің келешегі үшін еңбектен, Отанның ошағында от болып жанған жалын бол. 

Асем Қанатқанқызы,

Алмалы орта мектебі мектепалды даярлық сынып мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: