Егемендіктің қадір-қасиетін ерекше білетін Қазақ елі үшін тәуелсіздіктен асқан ұғым жоқ! Бұл алдаспан ақиқат. Шынайы азаттыққа жетуді көксеп, ел үшін түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, арыстанша арпалысқан ата-бабаларымыздың асыл арманы еді бұл Тәуелсіздік. Сондықтан да барша қазақстандықтар үшін қасіретті, қасиетті мереке.
Осынау ұлық мейрамды Республика жұртшылығымен қатар сарқандықтар да аудандық мәдениет үйінде бар сән-салтанатымен айрықша атап өтті. «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым-Желтоқсан» атты айрықша атау аясындағы мерекелік жиын бастауында көпшілік назарына хронометражды бейне баян ұсынылды. Бұл күні әуелеген әнұран да айрықша асқақ естілетіндей… Бұны қолын жүрек тұсына қойып мемлекеттік Гимнді қосыла шырқаған жұртшылық өзгеше сезінді. Алғашқы сөзді аудан әкімі Марат Разбеков алып, сарқандықтарға деген ыстық ықыласын жеткізді. Тәуелсіздік сыйлаған жемісті жылдар өңірімізге де оңды өзгерістерін ала келді. Ауданымыздың әлеу-меттік-экономикалық жетістіктер негізінде осынау тәу етер тәуелсіздік жатқандығын өз сөзіне арқау еткен Марат Мелісұлы егемендікті одан әрі баянды ету жолында аянбай еңбек етуге үндеді. Айрықша күннің айтулы марапаттары аудан басшысының қолымен иегерлеріне табыс етілді. Атап айтқанда «Ерен еңбегі үшін» медалімен Аслан Әбдірахманов, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Қадыл Жанасбеков, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хатымен Оралбек Тертюбаев марапатталса, бірқатар жандарға Сарқан ауданының Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаты мен салалық Құрмет белгілері табысталды. Құттықтау лебізін Желтоқсан оқиғасына қатысушы, Алмалы орта мектебінің мұғалімі Сәрсембек Стамбеков, білім саласының ардагері Александр Нижников, тәуелсіздіктің құрдасы, Ақын Сара атындағы орта мектебі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жазира Қойшыбаева жалғап, мерекелік тілектерін ақтарды. Мерекені аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері орындаған әсем әуендер одан әрі әрлей түсті.
П.ЖЕҢІСХАН.