Тәуелсіздік – тірегім

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асып отыр. Еліміздің басты мерекесіне орай Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылының Мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тірегім» атты мерекелік шара өтті.

Тәуелсіздік мерекесі – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін бұл жылдар ілгерілеу мен орнықты даму кезеңі болды. Осы аралықта ел экономикасы қарқынды дамып, тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты.

Мерекелік шарада Лепсі ауылдық округінің әкімі Гүлнар Серікбаева ауыл тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Мәдени шара барысында өз саласында талаптанып еңбек еткен бірқатар қызметкерлерді марапаттап, алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ олардың жұмыстарына сәттілік, еңбектеріне табыс тіледі.

Салтанатты кеш Қазақстан Республикасының Әнұранынан бастау алып, қазақтың әсем әндерімен және тәтті күйлерімен жалғасын тапты. Кеш барысында орындалған патриоттық тақырыптағы әндер залда отырған көрермендерге рух беріп, тамаша бір сезімге бөледі.

Еліміздің Көк байрағы бейбіт аспан астында желбіреп, әлемге таныла берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!

Мадина АЙТОВА.

Лепсі ауылы.

Мәліметпен бөлісу: