Тәуелсіздік тағылымы қаншама жылдардан бері халқымыздың рухы, жады, сана-сезімімен бірге жасап, бірге тыныстап, бірге ғұмыр кешуде. Елбасымыз ел тәуелсіздігінің әрбір қадам, биікке көтерілу баспалдақтары мен рухани өрлеу кезеңі, тәжірибелері хақында қадау-қадау еңбектер жазуда. Көпшілікке жол сілтеген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осындай тағылымды тәжірибенің заңды жалғасы. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады»,-деп Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білуде екендігін алға тартады. Біз бүгінгі мақаламызда ғасырлар бойы бастарын тауға да, тасқа да ұрған жыраулардан бастау алған қазақ поэзиясындағы тәуелсіздік ұғымына тоқталмақпыз.
Қазақ поэзиясының, қазақ жазба әдебиетінің түп-тамыры ежелгі замандарға барып тіреледі. Дәуіріне сай дамыған мәдениеті, төл жазуы болған бабаларымыз 5-8 ғасырларда мәңгі өлмес мұралар жасады. Ержүрек қолбасы Күлтегіннің, білікті мемлекет қай-раткері Тоныкөктің құлпытасына қашалған жазулар елдің ертеңінің жоқшысы-батырлар мен ақындар екендігінің айғағы. Қалың бұқара көңіліндегі мұң мен нала, ыза мен кек, арман мен мұрат көркемсөз арқылы мейлінше кең өріс табады.
-Жүргенім жоқ тақ іздеп, мансап қуып,
Жараса ма жақсыға жаңсақ қылық.
Өтсем деймін әйтеуір азды-көпті,
Өз халқыма бақ-дәулет аңсап жүріп — деп халықтың жырын жырлап, мұңын мұңдаған ақындардың ақжарма жүрегі ежелден тәуелсіздікті аңсаған.
-Шолатын қиядағыны,
Тым күшті қиял-ағыны.
Ақынның ғұмыр — кітапқа,
Жазса егер сия ма мұңы,-деп жазыппын мен бір кезде. Себебі, елге төнген апат алдымен ақын жүрегін жаралайды десек, қазақ поэзиясы ежелден тәуелсіздіктің жаршысы болғаны анық.
Қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдері өз кезінде бүкіл Дешті Кыпшаққа даңқы кеткен Асан қайғы, Қодан тайшы, Қазтуған жыраулар мұрасынан біз бабаларымыздың тәуелсіздіктің туын көтерген қилы кезеңдерінің көрінісін көреміз.
Асан қайғы:
-Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Ата жұрты бұқара,
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп,- десе
-Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз.
Күдеріден бау тағып,
Қымқапты киер ме екеміз.
Өзенге бие байлатып,
Төскейге орда орнатып,
Төрткүлдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,
Төменде бидің кеңесін,
Біз де бір құрар ма екеміз? — деп Ақтамберді жырау толғанады.
Бұл тұрғыда осы жыраулық дәстүрін заңды жалғасы Мұрат, Махамбет ақындардың отты жырлары бір төбе.
-Еділді алды, елді алды,
Жайықты алды, жерді алды,
Сорлы қазақ нең қалды?!
Еділді келіп алғаны,
Етекке қолды салғаны.
Жайықты келіп алғаны,
Жағаға қолды салғаны…
Немесе:
-Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық.
Қиғаш үшін қырылдық…
Не болмаса:
-Жайықтың бойы көк шалғын,
Күзерміз де жайралмыз.
Күліс санды күреңді,
Күдірейтіп күнде байлармыз.
Құдай істі оңдаса,
Ісім жөнге келгенде,
Қамалаған көп дұшпан,
Әлі де болса, қойдай қылып айдармыз! — деп жауынгер ақындар жерден жауды қуар, тәуелсіздік таңы атар ел ертеңіне сенді.
Қадым заманнан тамыр тартқан қазақ халқының тарихын жаббар хақ бостандықтың жаршысы айтулы ақындардан кенде қылған жоқ. Әлеумет мұңын қозғаған Мағжан:
-Азамат, анау қазақ қаным десең,
Ұжмақтың суын апар жаным десең.
Болмаса ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам, тұншықтырам зарын десең,-деп бас қамын ойламай елді тығырықтан шығаруға талпынса,
Міржақып:
-Бермейтін ел намысын ерің қайда,
Сүйенер қысылғанда белің қайда.
Өйткені, айтқаны екі болмайтұғын,
Асыл зат артық туған ерің қайда? — деп қандастарына қатал сұрақ қояды.
Талантты тұлға Жүсіпбек Аймауытов «Әскер өлеңі» атты Алаш ұранында:
-Біз жүрген Алаштың,
Шын кемеңгеріміз.
Егессек, ел бермес,
Еңіреген еріміз!
Бұғаудан босанған,
Біз долы арыстан.
Долданса болмайтын,
Жаңа дәу періміз,-деп жастардың жігерін жаниды. Өкінішке орай Кеңес идеологиясы тұсында алмастай өткір өлеңнің жолы кесілді. Шындықтың беті шебер бүркемеленді. Дегенмен, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған Жұбан ақын сияқты өтіріктің тасасында шындықты шым-шымдап жеткізе білген жүрек жұтқандар некен-саяқ болса да кездеседі.
Грек ғұламаларының айтуына қарағанда адамның белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезіну үшін бес түрлі шарт керек.
Біріншіден, сол ұлттың тілін жақсы білуі қажет. Екіншіден, сол ұлттың дінін терең меңгергені жөн. Үшіншіден, сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі тиіс. Төртіншіден, сол ұлттың тарихын бес саусағындай білгені абзал. Бесіншіден, сол ұлт мекендеген жердің ой-шұңқырын жақсы білуі парыз. Бүгінгі буын ақындарының шығармаларынан осы бес сипаттама айқын көзге түседі.
-Тәніне түскен ауыр жара-сынға,
Өр ақын аттан түспей қарасын ба?
Сөзінің атойлапты ақ иығы,
Көзінің от ойнапты шарасында.
Тосыпты тіршілігі тамұқты алға,
Жабырқау батыр жанын жан ұққанда.
Жыртығы білінбепті жүрегінің,
Кірпігі ілінбепті қамыққанда,-деп жырлайды Аманхан Әлімов Махамбет образын.
Қазақ елі араға ғасырлар салыпбасынан небір зұлматты өткере жүріп, тәуелсіздікке қолы жетті. Тәуелсіздік дегеніміздің өзі не? Отаршылдық құлдығынан құтылып, дербес ел болып отырғанымызды ғана айтамыз ба? Құлдықтан құтылғанымызбен жүрекке, қол-қаға, ақыл-санамызға шаншудай қадалған ине-тікенектерден толық арылып болдық па? Өзінің кері кеткенімен көрмей, жолы болмай қалса «Бүйткен еркіндігің, егемендігің құрысын» деп тұратын бейпіл ауыздықтың түп-төркініне көз жүгіртсек, оның ар жағынан құлдық психология сығалап тұрады. Өйткені біз көп заман «сүйек-саяқ» тегінге жан қинамай жететін арзан мүмкіншіліктермен ауызданып жаман үйренгенбіз. «Жарлылық деген жақсы екен — жатып ішер ас болса» деген ұғымнан біржола арылмай ел болуымыз қиын.
Тәуелсіздік дегеніміз ең алдымен рухани категория. Бәрінен бұрын адамның жан-дүниесі, рухы мен ар-ұжданы азаттық тілейді. Өз табиғатына тән тіршілік кешкісі келеді. Бұғау біткенге сыймай, шідер біткенді шірей тартатын ғаламат күштің бастауын да содан іздеген жөн болар:
-Өмірде өстіп жүремін бе мен,
Тағдырдың тартып азабын?
«Өзекті жанға бір өлім» деген,
Өр едің неткен қазағым!
«Күрес!» дейтұғын жүр күш қанымда,
Құдайым — жырым, құлыным.
Зұлмат күштермен жұлқысқанымда,
Жұлынсын менің жұлыным!
Бұл — өлеңдерінен сезім тазалығы, ой айқындығы айқайлап тұратын талантты ақын Серік Ақсұңқарұлының үні.
-Ұйықта азамат…шаршадың ғой болдырып,
Тарих сахнасында актер болып ойнаудан да шаршадың,
Ойсыздықтан…ойлауданда шаршадың.
Талай мәрте зілзаланы талқандап,
Жеңісіңді тойлаудан да шаршадың.
Күрк-күрк етіп шемен толы қос өкпең,
Әзер тұрып жүргендейсің төсектен.
Сен шаршадың — аштық, ауру,
соғыстан,
Сен шаршадың — түрме, жала, өсектен,-деп жырлайды осы отты ақын. Кез-келген төңкерістің Бостандық пен Зорлық сияқты тамыры барын терең пайымдаған ақын жыры зорлыққа қарсы тұрады. Ақын жыры білектінің білегіне, қатыгез заманның темір тәртібіне, қиянатқа қарсы тұрады.
Демек, поэзия қадым заманнан бүгінге дейін тәуелсіздіктің жаршысы болып келеді.
Жомарт ИГІМАН.