ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ОТЫЗ ЖЫЛЫНДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ҚАЛАЙ ДАМЫДЫ?

Қазақ халқы – ежелден сөзге тоқтаған, сөз өнерін бар өнердің биігі санаған дана халық. Сондықтан да, қазақ тарихында ұлағатты сөзі арқылы бүгінге жеткен тұлғалар көп. Арысы Асан Қайғыдан, берісі Абайға дейін жүлгесінен жаңылмай келген шұрайлы тіліміз кеңестік кезеңде қиянатқа ұшыраса да қаламын қару еткен нар тұлғалы қаламгерлердің еңбегінің арқасында қазақ әдебиетінің алып шығармалары өмірге келді.

Кеңестік дәуірде әдебиетіміз тоталитаризмнің зілмауыр идеологиялық қысымына төтеп бере отырып, үнемі халық қозғалысының алдыңғы сапында болғаны, дүниежүзінің қабырғалы әдебиетінің қатарына қосылғаны мәлім. Ол ділімізді тазартумен қатар сан қилы қыспаққа ұшыраған қазақ тілін сақтап қалу үшін үлкен рөл атқарды. Десе де, бодандық жағдайында көп шындықтың қозғаусыз қалғаны да белгілі.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ әдебиетіне тың серпін келді. Әсіресе, қаламгерлердің ұлттық бояуы қанық еңбектері оқырманға жол тартып, кенжелеп қалған ділімізді тазартудың даңғыл жолын ашты. Олай дейтінім, осы отыз жылда қазақ қаламгерлері экономикалық, әлеуметтік қиындықтарды еңсере отырып, ұлтымыздың тарихына, мәдениетіне, ұмыт болған салт-дәстүрі мен қалтарыста аттары аталмай қалған тұлғаларымыздың елжандылығын бейнелеген алып шығармаларды өмірге әкелді. Жастар жадынан алыстап қалған ата-бабаларымыздың асқақ ақыл-парасатының ұшқыны халқымен қайта қауышты. Сол қатарда өзімнің де азды-көпті еңбек еткенімді қоса кетсем, айып болмайтын шығар.

Тарихи роман – халық өмірінің өткен-кеткенінің айнасы. Халықтың белгілі бір дәуірдегі көркемдік эпопеясы. Тәуелсіздік жылдарындағы қаламгерлер осы алып идеяны көкейіне мықтап қондырып, өткен ғасырлардағы ел-жұрт тірлігін жан-жақты көрсетуге ұмтылды. Ұлы тарихи бетбұрыстардың жаңғырығын хан, батыр, билердің ғана емес, қарапайым адамдардың күнделікті өмірінен алуға тырысады. Сол қатарға «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы» атты романдарым арқылы өзімнің ой-пайымымды қосқанымды қаламгерлік парызымның бірі деп санаймын. Осы дүниелердің жазылуына, еркін көсіліп, ел жоғын жоқтауға ұмтылғаныма, әрине, тәуелсіздік деген ұғымның қаламыма қарым бергенін несін жасырайын?

Кейінгі жылдары кезінде ел тағдыры талқыға түскенде атқа қонып, ауыл-аймағын аман сақтап қалу үшін жанкештілік танытқан тұлғалар ерлігі қайта жаңғыра бастады. Ол жолдан да енші алып, Құндақбай батыр жайлы кесек туындымды оқырманға ұсынып, осы бағыттағы еншімді бердім. Бұл – да еркін елдің еңсесі биіктегендігінің белгісі. Тек мен емес, қалам ұстаған әріптестерімнің де осындай кемел дүниелері жарық көрген сайын жоғымыздың табылып, өшкен шырағымыздың қайта жанғанына шүкіршілік етіп отырамын.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болса, бізден кейінгі буын қиялымыз шалмаған, назардан тыс қалған тағдырлы дүниелерді қаламына арқау етіп, халқымен қауыштыра беретіні анық.

Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Мәліметпен бөлісу: