Жақында аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мұғалімдер арасында спартакиада өтті. Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің спорт залында сап түзеген ұстаздар алдында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жанат Мұқашев сөз алып шараға жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады. Спорттық шараға сондай-ақ «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман, Ауған соғысының ардагері, ұстаз Серік Оспанов қатысып көпшілікке деген мерекелік лебіздерін білдірді.
Кәсіподақ комитетінің мұрындық болуымен жыл сайын өтетін аталмыш спорттық шара салауаттылықты насихаттаумен қатар әріптестер арасындағы байланысты бекемдеуге, сыйластықты арттыруға өз игі ықпалын тигізгендігі анық. Сайыс баскетбол, шахмат, дойбы бойынша өрбіді. Баскетбол бәсекесіне 14 команда қатысып, өзгеше ойын өрнегін көрсеткен Алмалы орта мектебі І орынды иеленсе, ІІ орынға Абай атындағы мектеп-гимназиясы, ІІІ орынға Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің командасы жайғасты. Шаршы тақта шайқасында ерлер арасында І-орынды Сегизбаев Марат (Тасарық ОМ), ІІ-орынды Джипкельдинов Асет (№1 ОМГ), ІІІ-орынды Мұрат Дархан (Алмалы ОМ) жеңіп алды. Әйелдер арасындағы ақыл айқасында І-орынға Садыкова Нагима (Сарқан гуманитарлық колледж), ІІ-орынға Забильханова Айдана (Алмалы ОМ), ІІІ-орынға Мықтыбекова Сая (Н.Островский атындағы мектеп-лицейі) лайықты деп танылды. Дойбы додасында ерлер арасында І-орын Құрманғалиев Ерқасқа (К.Қазыбаев ат ОМ), ІІ-орын Мұханғалиев Қуандыққа (Алтынсарин ат ОМ), ІІІ-орын Чумкенов Айдынға (Бірлік ОМ) бұйырса, әйелдер арасында орындар сайыс нәтижесінде былай белгіленді: І-орын Тукушева Ардақ (Н.Островский ат МЛ), ІІ-орын Багдалина Индира (Шатырбай ОМ), ІІІ-орын Мангулова Салтанат (Екіаша ОМ). Барша жеңімпаз командалар және жекелей орын иегерлері бағалы, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
П.ЖЕҢІСХАН.