Тамыз кеңесінің тағылымы

Аудандық мәдениет үйінде өткен биылғы мұғалімдердің тағылымы мол тамыз мәслихаты ақжолтай жаңалықпен басталды. Атап айтқанда Алматы облысының әкімі А.Баталовтың қолдауымен қазынадан арнайы қаржы бөлініп шалғай елді мекен оқушыларын мектепке тасымалдау үшін 3 автобус сатып алынған болатын. Шара бастауында сөз алған аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков бұны облыс басшылығының білім саласына деген қамқорлығы екендігін атап өтіп, көлік кілттерін Черкасск, әл Фараби және М.Төлебаев атындағы орта мектеп директорларына салтанатты жағдайда табыс етті.

Бұдан соң кеңес қатысушылары өткен оқу жылындағы жетістіктер мен жаңашылдықтарды арқау еткен  арнайы көрмеге көз салды.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атауы аясында өткен тамыз мәслихатының негізгі баяндамасын аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Иманғазиева жасады. Былтырғы оқу жылының қорытындылары мен одан туындайтын міндеттер баяндама өзегіне айналды. Атап айтқанда жаңартылған оқу бағдарламасына көшу, оқулықтармен қамтамасыз ету, оқушыларды тасымалдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жаз мезгілінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру, ҰБТ нәтижесі қатарлы өзекті мәселелер жария етілді. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі өткен 2017 оқу жылымен салыстырғанда биылғы жақсы нәтиже, мектеп жасына дейінгі 3-6 жастағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтыған 98% көрсеткіш, мұғалім мерейін тасытып, шәкірт жұлдызын жаққан сан түрлі сайыстардағы жүлделі жеңістер жетерлік. Сондай-ақ осынау көтеріңкі көрсеткіштерге көлеңкесін түсірген оқушылар арасындағы құқық бұзушылық, әсіресе суицид, бопсалау, ұрлық мәселелерінің өзектілігін орынды атап өткен баяндамашы биылғы оқу жылындағы негізгі жаңалықтарымен бөлісіп, сөзінің соңында ұстаздар жұмысына сәттілік тіледі.

Жарыссөз бойынша сахнаға көтерілген Екіаша орта мектебінің директоры Назгүл Беисова, №1 мектеп-гимназия директоры Жекен Бершімбекова, Пограничник орта мектебінің директоры Қайрат Қылшабаев, Сарқан қаласының балалар шығармашылық үйінің директоры Алтын Жаркенова, Сарқан гуманитарлық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағдагүл Нұрмолдина, аудандық №10 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинет басшысы Махаббат Чуйкенова қазіргі таңда білім саласында туындап отырған негізгі мәселелер мен оларды шешудің өзіндік жолдары туралы ой бөлісті.

Жиынға арнайы келген мейман, облыстық әдістемелік кабинет меңгерушісінің  орынбасары Эльвира Досаеваның сөз желісі білім саласындағы биылғы жаңалықтар төңірегінде өрбіді. Сонымен бірге облыстық өкіл аудандағы білім саласындағы бірқатар кемшіліктердің барын да жасырмады.

Тамыз мәслихатын қорытқан аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы аталмыш жиынның өткен жұмысты қорытындылап болашаққа бағдар түзудегі орны айрықша екендігін атап өтті. Ортақ істі ілгерілетуде енжарлыққа, жауапсыздыққа жол бергендердің атын атап, ел алдында төмен қаратқан аудан басшысы жұмысты ширатуды қатаң тапсырды. Кеңесте қаралған мәселелер бойынша соңында қарар қабылданды. Мұғалім мерейін үстем еткен жиын жалғасында бірқатар ұстаздар аудан әкімінің қолынан түрлі дәрежедегі марапат көріп марқайды. Ұзақ жылдарын сәби санаға білім нәрін сіңіріп, ұстаз деген қадірлі атқа қызмет етуге арнап зейнеткерлікке абыроймен жеткен Алмалы орта мектебінің директоры Құлахметова Жамал Ағабдолдақызына және  әл Фараби атындағы білім шаңырағының басшысы Болысбекова Райхан Манатайқызының иығына аудан әкімі қазақы дәстүрмен камзол жауып, сый-құрмет көрсетті.

Оқу тәрбие үрдісіндегі аудан мектептерінің жұмыстарының жылдық қорытынды рейтингісі бойынша орын иегерлері ортаға шығарылып қомақты ақшалай, заттай сыйлықтарға ие болды. Бұл жерде жүйелі жұмысымен ерекшеленген Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің бас жүлдені олжалағанын айта кеткеніміз жөн.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: