Жуырда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жетекшілігімен Үкімет отырысы болды. Жиын барысында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарифтер мәселесі бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Энергия жеткізуші компаниялар тарапынан халыққа келтірілген 14 млрд. теңге сомасында шығынды реттеу үшін, Елбасы ведомство басшыларына «Егер де тариф өсімі қолдан жасалса, яғни нақты экономикалық есептеусіз іске асырылса, онда бұл жағдай әрбір отбасының шығыстарын арттырады. Бұл өз кезегінде менің Жолдауымдағы басымдықтарға қайшы келеді. Қызметіне адал қарамайтын монополистер жауапкершілікке тартылуы тиіс» екенін ескерткен еді.
Үкімет бірден тарифтерді төмендету және жалпы тариф жасау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шараларды айқын-дады. Құрамына энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері енген Жұмыс тобы құрылды. Басты мақсат — түпкі тұтынушылар үшін тарифтерді төмендету. Энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің алдына 1 желтоқсанға қарай 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмендетуге мүмкіндік беретін жүйелі шараларды әзірлеу бойынша міндеттер қойылды.
Елбасы ел тізгінін ұстаған шенеуніктерге «жұмысты ретке келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, ашық болып, адамдардың сеніміне лайық болу» міндетін жүктегенін ескере отырып, тек коммуналдық төлемдерге ғана емес, білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне де халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша кеңес өткізу тапсырылды. Негізгі акцент — оқу құнын, сондай-ақ медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектің бағасын екі апта көлемінде қалыпқа келтіріп, төмендету тапсырылды.
Үкімет «төменге» мән бере бастады. Енді көпшілік осы шаралардың игілігін тезірек көруге асығулы.
Жомарт Игіман,
аудандық мәслихаттың
депутаты.