Тарих деген-өткеннен тағылым алу, болашаққа сабақ.Кезінде жерімізде сақ,үйсін,қаңлы,сармат тайпалары өмір сүрді. Олардың ұрпақтары бастарынан талай тарихи оқиғаларды өткізді.
Ғасырлар,жылдар жылжып халқымыз түрік кезеңін бастарынан кешірді. Жерімізде Түрік,Түркеш,Қарлұқ,Оғыз,Қимақ сияқты қағандықтар өмір сүрген. Бұлардың әр-қайсысының өз кезінде қоғам дамуына қосқан үлесі бар. Осы кезеңде қалалық мәдениет дамып, ел экономикасы өркендеді.Отырар,Сауран,Сайран,Сығанақ,Түркістан,Тараз сиақты қалалар гүлденді.Көрші мемлекеттермен саяси,сауда қатынастары өркендеп,нығая түсті. Бұл кезеңде аттары әлемге әйгілі болған Әбу Насыр Әл Фараби,Қожа Ахмет Яссауи,Махмұт Қашқари сияқты жарық жұлдыздар дүниеге келген.Олардың ғылыми еңбектері,ғылыми пікірлері дүние жүзілік ғылымға өз үлестерін қосты.Олар бүкіл әлемге елімізді танымал етті.Түркі тілдес ру-тайпалардың тілдері дамып,ұлттық бір арнаға тоғысты . Ежелгі дәуірдің жалғасы ретінде 15-ғасырдың ортасында Қазақ хандығы құрылды.
Қазақ мемлекеті тарих сахнасына көтерілді.Қазақ хандығы нығайып,қазіргі шекарасын қалыптастырды.Қазақ хандары мен билері,батырлары елін, жерін жауға бермей қорғай білді. Жерімізді,елімізді,тілімізді бүгінгі ұрапаққа мұра етіп қалдырды. Ресей 18-ғасыр басынан бастап 150 жыл бойы Қазақ жерлерінің айналсына бекіністер салып, отарлай бастады.Империяның отарлау саясатына қарсы елімізде ұлт-азаттық қозғалыстар өршіді.Бостандық жолындағы күрестің барысында Сырым,Исатай,Махамбет,Кенесары,Амангелді сиақты көрнекті тұлғалар,қолбасшылар тарих сахнасына көтерілді.Бостандық жолындағы күрестер 1917 жылғы төңкерістерге ұласты. Төңкерістер нәтижесінде патша өкіметі құлап, Кеңес өкіметі билікті өз қолына алды. Патша бұғауынан босаған Қазақ елі де тәуелсіз Түркістан автономиясын және Алаш Орда өкіметін құруға талпынды.Бірақ Кеңес өкіметі оған жол бермеді.
1922-1991 ж.ж. Кеңес елінің құрамында болдық. Бұл кезең орны толмас апаттар мен жетістіктер,сәтсіздіктер мен табыстар ,қайғы мен қуаныштар қатар келген жылдар болатын. «Коммунизм» орнатамыз деп Коммунистік партияның басшылығымен, оң-солымызды танымай,казармалық жағдайда күн кештік. Білімді зиялылардың көбі идеалогиялық қысымға ұшырады.Солай бола тұрса да Кеңес адамдары Отанына адал қызмет етті.Өз елін шексіз сүйді.Соның бір айғағы Кеңес адамдарының каһармандықпен Отан үшін өздерін құрбан етіп, бүкіл әлемді Гитлерлік фашизмнен құтқарғандығы.
Енді міне, осыдан тура 30 жыл бұрын,1991 жылы өз тәуелсіздігімізді бүкіл әлемге паш еттік.Конституциялық Заңды қабылдап,онда ҚР тәуелсіз, демократиялық территориясы бөлінбейтін, біртұтас унитарлы мемлекет деп жарияладық.Тәуелсідік алған қысқа мерзім ішінде елімізде нарықтық қатынастар орнады. Рухани жаңғыру,әлеуметтік, демократиялық өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Ата Заңымызды қабылдап,төл теңгемізді шығардық. Саяси жүйемізді құрып ,ішкі-сыртқы саясатымызды дербес жүргізіп отырмыз. Халықаралық ұйымдармен байланыс орнаттық.Мемлекеттік шекарамызды шегендеп,айқындап алдық.
Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Айналамыздағы болып жатқан оқиғаларды зерделеп, сын елегіен өткізуіміз керек. Жақсысы мен жаманын айырып, тарихи фактілерге объективті түрде қарауымыз керек. Айналмыздағы болып жатқан оқиғаларға шынайы баға беруді үйренейік. Сонда ғана тарихтан тағылым алып, сабақ алып, өзіміз өмір сүріп отырған ортамызды тереңірек түсіне алатын боламыз. Көк аспанымызда тәуелсіз елдің көк туы желбірей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Есбала Сүдірбаева,
Амангелді ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы.