Татулық пен тұрақтылық негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына  Жолдауының тақырыбы жанымызға  жақын. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Президенттің алғашқы күннен бастап қолға алған іс-шарасының бағдарламасы сынды.   Жолдауды оқи отырып көпшілік түйінді пікірге келеді. Расында да жылдан-жылға еңсесі көтеріліп келе жатқан еліміздің бағындыратын биіктері әлі алда.

Жолдаудағы мемлекеттің тиімділігі, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты аймақтар – қуатты ел туралы тараулар  көптің көкейіндегі пікірлермен үндесіп, үміт шоғын үрлеуімен құнды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратын шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатындағы ұтымды шаралар, агроөнеркәсіп  кешенді дамытудың, ұлттық қорды тиімді пайдаланудың, отандық зейнетақы жүйесін дамытудың жолдары  шын мәнінде де көпшіліктің бұған дейінгі айтылып келе жатқан сауалдарына нақты жауап береді. Зейнетақы қорымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме деп күдіктенгендер енді өздері жинақтаған қордың бір бөлігін зейнет демалысына шықпай-ақ мақсатты түрде пайдалана алатын болады.

Үнқосуымызды Мемлекет басшысының сөзімен түйіндесек: «Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі». 

Жомарт Игіман,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Мәліметпен бөлісу: