
Жетісу облысында биыл пайдалануға беру жоспарланған үш экопарктің соңғы — үшіншісі ашылды. Жалпы, экопарктер Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру аясында құрылған. Текелі қаласында ашылған жаңа «Серкесай» экопаркі табиғат аясындағы демалыс пен белсенді өмір салтын ұштастырып, өңірдегі туризмді дамытуға ықпал етпек, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Текелі қаласының тұрғындары мен қонақтары, жергілікті бизнес өкілдері, ұлттық қолөнер шеберлері, спортшылар, туризм саласының өкілдері, жалпы табиғат аясында белсенді демалысты ұнататын тұрғындар қатысты.

Өңір басшысының атынан жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында үш экопарк ашылды, олар — Сарқан ауданындағы «Қойтас», Талдықорған қаласындағы «Тасбақа» және Текелі қаласындағы «Серкесай» экопарктері. Облыс әкімінің қолдауымен үш экопаркке де жайлы демалыс үшін қажетті инфрақұрылым тартылды. Оларды дамыту жұмыстары жалғасады. «Серкесай» паркінде өз бетінше демалуға арналған орындар құру, жарықтандыру жүйесін және бейнебақылау камераларын орнату, интернет желісін жүргізу кезең-кезеңімен жоспарлануда. Бұл жерге келген әр адамның жайлы әрі жақсы демалысы үшін барлық жағдай жасалады. Сонымен бірге экопарктің тазалығы мен табиғатын сақтау әрқайсымызға байланысты екенін есте ұстауымыз керек. Демалғаннан кейін қоқыс қалдырмай, табиғатқа ұқыпты қарайық. Бұл орындарды балаларымыз бен келер ұрпақ үшін осындай көрікті қалпында сақтап жеткізейік, – деді ол.

Ашылу бағдарламасы бірнеше тақырыптық бағытты қамтыды. Негізгі алаңдардың бірі жергілікті тауар өндірушілер, шеберлер мен қолөнершілердің өнімдері ұсынылған «Табиғаттан туған өнер» көрмесі болды. Келушілер омарташылық өнімдерімен, шөптер мен майлар негізінде дайындалған табиғи косметикалық өнімдермен, ұлттық зергерлік бұйымдармен танысып, Текелінің танымал прәндігінен дәм татты.
Ұлттық этномәдени мұраға арналған көрме де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұнда бүркітшілік өнері, тазы өсіру дәстүрі, сондай-ақ ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау үлгілері таныстырылды.
Бағдарламаның шығармашылық бөлігі «Өнер әлемі» көрмесімен және жергілікті балалар шығармашылық орталығының өнері көрсетуімен жалғасты. Қонақтар жас суретшілердің туындыларын тамашалап, домбыра, қобыз, жетігенде орындалған музыкалық шығармаларды тыңдады.

Текелі кәсіптік колледжі туристік бағыттарды таныстырды. «Туристік қоржын» көрмесі аясында туристік құрал-жабдықтар мен саяхатқа қажетті керек-жарақтар ұсынылды. Туристік орталық мамандары туристік көпсайыс пен спорттық альпинизм көрсетілімдерін ұйымдастырды. Іс-шара бағдарламасы скандинавиялық жүрістен өткен жарысқа қатысушыларды марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Экопарктің ашылуына дейін «Серкесайды» абаттандырудың бірінші кезеңі толық аяқталды. Аумақта автотұрақ жасалып, демалуға арналған бес шатыр орнатылды. Сонымен қатар 10 жеке орындық, шатырлардың ішіне 10 орындық және бес үстел қойылған. «Таутеке» екі шағын сәулет нысаны жасалып, орнатылды. Санитарлық торап та толық жабдықталды. Бұдан бөлек, теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте таулардың көркем көрінісі ашылатын шолу алаңы орналастырылды.
Осы кезеңге жоспарланған жұмыстар толық көлемде орындалды. Осылайша бұл абаттандырылған аумақ Текелі тұрғындары мен қонақтарының демалуына, спорттық, мәдени және туристік іс-шаралар өткізуге арналған жаңа орынға айналмақ.
Іс-шараға қатысқан азаматтар пікір білдірді. Солардың бірі – Талдықорған қаласының тұрғыны Анна Хохарина:
– Бүгін «Серкесай» экопаркінің ашылуына арнайы келдік. Мұнда кішкентай сәбиіммен келдім. Ол «кенгуру» сөмкесінде менімен бірге таудың ең биік бөлігіне дейін көтерілді. Текеліге жиі келіп, осында серуендеп тұрамын. Енді соқпақ абаттандырылып, демалуға арналған шатырлар орнатылып, орындықтар қойылғанын көріп қуанып қалдық. Қазір күздің әдемі мезгілі басталды. Сондықтан мұндай мезгілде үйде отырмай, осылай табиғатқа шыққан дұрыс. Тауға келіңіздер! – деді ол.

– Мен Алматыдан Текеліге қонаққа келдім. Мұнда негізінен парапланмен ұшуға арнайы келдік. Экопарктің ашылатынын біліп, осында келіп тамашалауды жөн көрдік. Ауа райы тамаша, табиғаты да керемет. Бұған дейін де осы жерде болғанмын, дегенмен барған сайын бұл жер қатты ұнай бастады. Мұнда келген сайын бойыңа күш-қуат алып қайтасың. Оның үстіне аумақты өте ұқыпты әрі жақсы абаттандырған, – деді Алматы қаласының тұрғыны Балтабай Саусақов.
Жергілікті тұрғындар да пікір қосты:
– Біздің қалада экопарктің ашылғанына өте қуаныштымыз. Жоғарыға көтеріліп, таза ауамен тыныстадық, кәдімгідей тынысымыз ашылды. Мұнда бәрі өте әдемі жасалған. Енді осыған ұқыпты қарап, қоқыс тастамай, әркім өзінен кейін жинап жүрсе дейміз. Өйткені мұның бәрі әрқайсымыздың игілігіміз үшін жасалып отыр.
– Экопарктің ашылуымен құттықтаймын! Табиғат аясында белсенді демалып, таза ауада серуендеу денсаулыққа пайдалы, денені шынықтырады. Енді мұнда текеліктерге демалуға қолайлы жағдай жасалды, қала қонақтарын да қызықтырады деп ойлаймын, — деді олар.
Осылайша, «Серкесай» экопаркінің ашылуын өңірдегі туризм мен туристік инфрақұрылымды дамыту жолындағы кезекті қадам деуге болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
