
Қазақстанда тұрақты түрде өткізілетін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы – ел тұрғындарын экологиялық мәдениетке баулу, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты аялауға шақыратын маңызды шаралардың бірі. Аталған акция аясында Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Сарқан филиалының қызметкерлері белсенділік танытып, аймақтың табиғи келбетін сақтау бағытында бірқатар жұмыстар атқаруда.
Осы жолы «Таза Қазақстан» акциясы №4 туристік бағыт – Шумский мұздығы бағытында жүзеге асырылды. Аталған бағыт – Жоңғар Алатауының көз тартар сұлулығын, мөлдір өзендері мен биік шыңдарын өз көзімен көруге келген туристер жиі таңдайтын орын. Сол себепті бұл аймақта тазалық сақтау – үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты қажет етеді.
Іс-шара барысында Сарқан филиалының қызметкерлері мен табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын еріктілер бірігіп, туристік бағыт бойында қалған тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы қаптарға салып, тасымалдады. Сонымен қатар, акция аясында туристерге арнап табиғатты таза ұстау, қоқыс қалдырмау, от жағу ережелерін бұзбау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Акцияның басты мақсаты – тек тазалық орнату ғана емес, сонымен қатар келушілердің экологиялық санасын көтеру, табиғатты сүйіп, оны көздің қарашығындай сақтауға үйрету. Табиғат – барлығымызға ортақ құндылық. Оны қорғау – әр азаматтың парызы.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы «Жоңғар-Алатауы МҰТП» аумағында дәстүрге айналып келеді. Мұндай шаралар – болашақ ұрпаққа көркем де таза табиғатты аманат ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Табиғатты аялау – өмірді аялау.
«Жоңғар-Алатауы МҰТП» РММ
Сарқан филиалының
экологиялық ағарту инженері
А.Турысбекова
