Апта басында ауданның елді мекендерін санитарлық тазарту күзгі екі айлығының барысы бойынша штаб отырысы өткізілді. Жиынды аудан әкімі Е.Қошанбеков жүргізіп күн тәртібіндегі санитарлық тазалық мәселесі, әсіресе, аудан орталығының бұл тұрғыдағы жай-күйі сарапқа салынды. Алғашқы баяндаманы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ж.Мыңбаев жасап, тазалық мәселесіндегі маңызды көрсеткіштерді слайд түрінде штаб мүшелерінің назарына ұсынды. Баяндамашы келтірген мәліметтерге сүйенсек аудан аумағындағы елді мекендерде күзгі санитарлық тазалау айлығы бойынша 10 000 тұрғын үй, 60 әлеуметтік, өндірістік мәдениет бағытындағы ғимараттар тазаланған. Аудан бойынша санитарлық тазарту жұмыстары барысында бас арық жүйелерінің 110 шақырымы, 200 шақырым автомобиль жолдарының бойы және 200-ге жуық көше күл-қоқыстан арылған. Шамамен 500 тоннадан астам қоқыс шығарылып аталмыш жұмыстарға аудан бойынша шамамен 100 дана арнайы техника және 18000-ға жуық адам тартылды. Сарқан қаласының өзінде күзгі санитарлық айлық барысында 80 көше, 70 шақырым арық жүйелері ретке келтіріліп, 200 тонна қоқыс шығарылған. «Жастар», «Жеңіс», «Қазақ хандығына 550 жыл» саябақтары, Қабанбай батыр көшесіндегі №24, 26 және 77 көппәтерлі тұрғын үйлердің айналасы көп күшімен тазартылды.
Сонымен қатар қала орталы-ғындағы бірқатар көшелердің бойындағы ретсіз өскіндер кесіліп, ағаштар ағартылған. Қалалық округтің күзгі санитарлық айлығында тек бюджеттік мекемелердің күшімен жалпыға ортақ жерлерге 1000 түпке жуық көшет отырғызылғанын айрықша атап өтуге болады. Жаңадан 256 дана жарық диодты көше шамдары орнатылып, келешекте толықтай осынау шам түрлеріне көшу мәселесі қаралуда.
Тазалық айлық барысында қала бойынша бірқатар жұмыстар жасалған. Дегенмен өз шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Айлық барысы туралы есеп берген Сарқан қалалық округінің әкімі А.Орынбековке аудан әкімі Е.Қошанбеков нақты сұрақтар қойды. Олар кіші архитектуралық мүсіндердің қойылмауы, көше атауларының мүлдем жаңартылмауы, орталықтағы ком-мерциялық нысан қасбеттерінің талапқа сай болмауы, ретсіз сау-даның жөнге келтірілмеуі. Бұған қалалық округ әкімі Амантай Мұқанұлы аталған кемшіліктерді жою бойынша нақты жоспары бар екендігін, келешекте осынау сын-ескертпелерді басшылыққа алатындығын жеткізді. Жиында сондай-ақ ауданның экология инспекторы М.Өнербекова өздері тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды айтып өтті. Соңында Ерғазы Қошанбекұлы күзгі санитарлық айлығының әлі де өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын жиналғандар назарына салып, тазалық жұмыстарының жалғаса беретіндігін айтып, жиынды қорытты.
Өз тілшіміз.