Жер бетінде тіл атаулы көп. Миллиондаған, тіпті миллиард адам сөйлейтін ірі тілдермен қатар санаулы жандар ғана өзара қатынас жасайтын тайпалық деңгейде қолданылатындары да бар. Мәселе тілдің үлкен-кішілігінде емес, әр тіл адам баласы үшін өзінше құнды. Әр тілдің артында адамзат мәдениеті, тарихы, өнері, ән-жыры, ауыз әдебиеті, ақыл-ойы, еркіндігі секілді құндылықтары бар.
Еліміздің рухани мұрасы әрі байырғы жұрттың қазіргі күнге дейін қарым-қатынас құралы ретінде ата- бабадан мұра болып қалған ана тіліміз рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі және асыл құндылықтарының бірі.
Тілді қуат көзімен де салыстырып жатады. Расында, қазақ – қазақ болғалы пайда болып қалыптасқан білім мен пайымның жинақталған энергиясы ана тілімізде ғана. Тілдің арқасында ғана ата-бабамыздың өсиеттері, ырым- тиымдары, салт-санасы бүгінге дейін сақталды. Ендеше, біз күш-қуатты да, білім-ғылымды да ана тіліміз арқылы ғана аламыз. Кез келген ел үшін ұрпағының өз туған тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін жоймауы маңызды.
Ұлт зиялылары қазақ тілі мен оның мәртебесін көтеруді басты міндеттердің бірі ретінде таныды. Алашорда зиялылары: «…Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» – деп тіл мәселесіне ерекше мән берді.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» — деп ақын Қадыр Мырза Әлінің айтқанындай алдымен, ана тіліне деген үлкен құрметтің қалыптасуы маңызды. Өз тіліңді сыйламау, түп- тамырыңды білмей, басқаны бағындырам деу – бекершілік. Кез келген ата-ана түсінуі керек, анасының уызына жарыған әр бала мықты болады. Сол сияқты қазақ ұлтының, қазақ мемлекетінің мықты болуы да осында, қазақтың негізгі тілі, бастапқы тілі ана тілі екенін түсінуі. Ағылшын тілін жетік білсек, орыс тілін тастамасақ, жетістікке жетердей желпініп жүрміз. Жат жұртқа жалтақтаудың салдарынан біз, шын мәнінде, қазақы қадір- қасиетімізді, бай тілімізді, қайталанбас дәстүрлі мәдениетімізді жоғалтып барамыз. Өзгелердің көздеген мақсаттарының өзі тіліміз бен мәдениетімізден айыра отырып, өздерінің ықпалын арттыру болса керек.
Британдық тіл маманы, лингвист, академик Дэвид Кристалдың «Қашанда тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілдегі екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында әлгі үстем, басым ұлттың мәдениеті жеңімпаз болып, сол тілде сөйлеушілер көбейе бастайды. Ал жеңіліп қалған шағын мәдениеттің тілінде сөйлеушілер азайып, тіпті сол ұлттың жастары өз тілінде сөйлеуге ұялатын болады. Ана тілінде сөйлеуге ұялатын бұндай жастар енді әлгі «жеңімпаз мәдениетке» ғана бас иетін болады» — деген сөзі кейбір қазақ жастарына айтылғандай болып көрінеді.
Қазіргі таңда сөздің қадіріне жетуді, қазақ тілінің тазалығын сақтауды назардан тыс қалдырып жүргендейміз. Бірқатар жұрттың қазақша сөйлегеніне разы боламыз да, тілді оңды-солды қойыртпақтауына кейде кешіріммен қарай саламыз. Түптеп келгенде, тілді шұбарлау оны білмеуден де қатерлі. Мұндай жағдайда біз ана тіліміздің тазалығына аса қырағылық танытуымыз керек. Әсіресе, балаларды балабақшадан, мектептен бастап, ең алдымен, өз ана тілінің қаймағын бұзбай, таза сөйлеулеріне баулудың маңызы зор. Қазіргі күні Жоғарғы оқу орындарында, мектептерде оқитын, жастар мен жасөспірімдер сабақтан тыс уақытта өзара орысша сөйлеседі. Болашақта ана тілімізден мүлде көз жазып қалуымызға осының өзі жетіп жатыр. Егер біздің ұрпақ әлем елдеріне Ресейдің терезесінен қарап, дүниежүзінен тек орысша мәлімет алатын болса, онда тілдің де, елдің де болашағы жоқ деген сөз.
Сұлтан ЖАКУПОВ,
Алматы облысының «Тіл» оқу- әдістемелік орталығы КММ
Сарқан аудандық филиалының оқытушысы.