Қазақ тілінің тағдырын шешуге бүкіл қазақ болып жұмылмасақ ертең опық жеуіміз сөзсіз. Тіліміз мемлекеттік мәртебе алғалы, еліміз тәуелсіздігін қалыптастырғалы отыз жыл өтсе де ұлт болып ұйыса алмағанымыз, мемлекеттік тілді басқа ұлт тұрмақ өзіміздің толық түйсінбеуіміз сырт көз тұрмақ өзімізге көрініп тұрады.
Қазақтың қабырғалы жазушысы Жүсіпбек Аймауытов көрегенділікпен «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе өз ұлтына қызмет ете алмайды» деп данышпандық сөз қалдырған. Бүгінгі күн биігінен қарасаңыз орыс тілділердің қалың ортасындағы небір дарынды өрендеріміз басқа халықтың жыртысын жыртып кетеді-ау деген күдік қылаң береді. Қаншама талантты болса да оларды өз ұлтының мүддесі толғандырмайтынын айналамыздан көріп жүрміз. Сондықтан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың балаларды қазақ тілінде оқытуға шақыруы өте орынды. Себебі ұлттық мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуде үздік нәтиже көрсетіп, әлемнің озық оқу орындарына тегін оқуға түсуі бұған дейін қазақ тіліне мұрнын шүйіріп жүргендерді ойландыруы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу»,-деп атап көрсетті. Бұл арадағы ұлт сапасы дегеніміз – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру. Осы тұрғыда «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ана тілімізге араша түскен Ахмет Байтұрсыновтың ұлағаты ұлттың рухын көтеретін әрі намысымызды оятатын сөз болып жүрегімізден орын алуы тиіс.
Біздің кейбір қандастарымыз туған тілінен жеріп, орыс тілін ана тілінен артық көріп жүрсе, мемлекеттік тілдің мәртебесіне құрметпен қарайтын өзге ұлт өкілдері ортамызда аз емес. Жуырда ғана Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің 9 «В» сынып оқушысы Анастасия Скрылеваның туған жер туралы шығармасы қолыма түсті. «Туған елге, Туған жерге, Туған тілге деген ыстық сезім менің жүрегімнен мәңгілік орын алған» деп қазақ тілінде мөлдіретіп тұрып жазған Настяның жан сырын оқығанда қазақ болып туғаныңа мақтанасың.
Ана тіліміздің дастархан басы, ошақ қасынан озып, мемлекеттік мекемелерде күнделікті қолданылса ғана мәртебесі көтерілмек. Елімізге келген-кеткендердің мемлекеттік тілсіз күн көре алмайтындай жағдай туғызуымыз керек. Біз қазақ тілінде сөйлеген баланы бауырымызға тартамыз, баламыздан кем көрмейміз. Әр түрлі байқауларда мемлекеттік тілде еркін көсілген басқа ұлт өкілдерінің жұлдызы жанатынын бәріміз де көріп сезініп жүрміз. Қазақстанда қазақтан басқаларға жаппай жағдай жасалып, солардың мүддесі қорғалып жатқанда жергілікті халықтың қытығына тию, зығырданын қайнату ақылға сыймайды. Өзгені сыйлап отырған, өзгені әлпештеп отырған қазақ сый-құрметке лайық. Мемлекеттік тілді мойындайтын сол тілде қазақстандықтардың бәрі жаппай сөйлейтін уақытты күтумен егделеніп барамыз.
Қазақ халқының, тұтастай алғанда тәуелсіздігіміздің тағдыры қазақ тілімен біте қайнасқаны бесенеден белгілі. Қазақтығымызды сақтағымыз келсе тіліміздің сақталуы керектігі ешкімге де жаңалық емес. Ұлт үшін басқа жол жоқ. Ана тіліне сатқындық жасау – қазақты ұлт ретінде жоюдың алғышарты. Мемлекеттік тілді қорғау мен дамытуда науқаншылдықты қойып, жүйелі істермен айналысып, ұлттық сана мен ұлттық рухты тәрбиелеудің жолдарын іздестіре білуіміз қажет.
#Qazaqstan30
Жомарт ИГІМАН,
аудандық мәслихаттың депутаты.