Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы суретшілер одағы Алматы облыстық филиалымен бірлесе Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тіл және Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-байқауы мәреге жетті.
Бүгін Тіл сарайының алдында қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған «Тіл және Тәуелсіздік» атты көрменің ашылу салтанаты болды.
Көрменің лента қию рәсіміне облыстық мәслихатының хатшысы Ж. Жөргенбаев, ҚР Мемлекеттік Елтаңба авторы Ж. Мәлібекұлы, ҚР суретшілер одағының төрағасы Ө. Жұбаниязов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тіл жанашырлары Оразкүл Асанғазы, Асылы Осман қатысты.
Республикамызда тұңғыш рет өтіп ұйымдастырылып отырған байқаудың мақсты – қоғамдағы қазақ тілінің даму тақырыбын ашу, тәуелсіздіктің символына айналған мемлекеттік тілге деген қызығушылық пен құрметке бейнелеу өнері арқылы тәрбиелеу, тілдік ортаның қалыптасуына үлес қосу. Елге, жерге деген сүйіспеншілік және жас ұрпақтың руханият мәдениетін дамыту, қылқалам шеберлерінің «Тіл және Тәуелсіздік» тақырыбындағы суреттерін насихаттау.
Байқауға қатысушылар саны 109, шығармашылық туындылар 164. Қатысушылардың ең үлкені 66 жастағы Түркістан облысы Түлкібас ауданы тұрғыны болса, ең кіші қатысушы 9 жасар Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының мектеп оқушысы.
Үміткерлер қатарында Сейсенхан Махамбет, Өсербай Шуранов, Марат Әбдіреев және т.б танымал суретшілер, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, сонымен қатар өнер мектептерінің оқушылары болды.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей талант жас талғамайтының ескере отырып, байқауға кәсіби суретшілермен қатар оқушы, студент жастарға қатысуға, және әр қатысушыға бірнеше туынды ұсынуға мүмкіндік берілген аламанға кең байтақ еліміздің әр түкпірінен қылқалам шеберлері бәйге қосты.
Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген туындылардың жазу техникасы да әр түрлі: майлы бояу, акварель, гризаль, шыны, импато сондай-ақ сәндік қолданбалы өнер стиліндегі жұмыстар.
Байқаудың бас жүлдесін Марат Абдреев қандығалады. І орынға Өмірбек Жұбаниязов ие болды. ІІ орынды Айнұр Өмірзақ пен Айжан Базарбекова еншіледі. Қалған жеңімпаздар онлайн марапатталып, есімдері мен туындылары жарияланады.