
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында медициналық қызмет сапасына мониторинг жүргізудің жаңа тетіктерін енгізу қажеттігін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, жыл соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Қалаларда да бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мәселен, Астанада онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды. Бұған дейін салынған көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық кідіріссіз пайдалануға беру қажет. Мұндай нысандардың санын көбейтіп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы жеке инвестиция тартқан жөн. Сонда азаматтар Астанаға көшуге мәжбүр болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент фармацевтика саласын дамытуға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, өз елімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын арттыру – стратегиялық міндет.
– Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен медициналық қызметтерге мониторинг жүргізудің тиімділігіне қатысты түйткілдер бар. Қазір Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейту арқылы шығынды көбейтпей ұстап тұр. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар жалғасын табатынын атап өтті.