
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында білім экономикасына көшу жағдайында ғылым мен инновацияны басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін айтты.
«Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ғылым саласында мемлекеттің үлесі әлі де басым болғанымен, бюджет қаржысының қайтарымы төмен. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты нақты нәтижелер жеткіліксіз. Сондықтан инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру орынды деп есептейді.
«Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді айналысуы қажет. Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы кадр саясаты мен дарынды мамандарды тартуға ерекше тоқталды. Үкіметке білікті зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауды, елден кеткен мықты мамандарды қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластыруды тапсырды.
Сонымен қатар Тоқаев көші-қон саясатын қайта қарап, ел экономикасына үлес қоса алатын шетелдік мамандарды ұлтына қарамай тарту маңызды екенін жеткізді.
«Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Бізге әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері қажет. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» керек. Білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі», – деді Президент.
«Жетісу-Ақпарат»