Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін кемелді ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды жоспар деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Осы бағдарда Елбасы бабалар ұлағатымен астасып жатқан зерделі ойы мен парасатты пайымын білдіреді: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет». Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды.
«Екі дәуір түйіскен өліара шақты Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», — деп ел келешегіне зор үміт артады. Олай болса, рухани жаңғыру арқылы әлем мойындар мәңгілік ел болып, жарқын болашаққа деген сеніммен үмітті арттыра отырып, барлығымыз бір үйдің баласындай бір тудың астында бақытқа, жарқын болашаққа бірге жетейік.
Осы мақаласында мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті. Осы бағытта мектепте ұйымдастырылған «Туған жер -тұнған тарих» атты іс- шара аясында 9, 10- сынып оқушыларымен Черкасск ауылындағы жақында ашылған Сарқан аудандық тарихи музейіне бардық. Оқушылар онда аудан тарихымен қоса ауданымыздан шыққан беделді азаматтар, батырлар, соғыс ардагерлері т.б туралы мәліметтермен толық танысып, Черкасск қорғанысы тарихынан хабардар болды. Бұл саяхаттың оқушыларды талай тың деректермен таныстырып, ойландырғанын олардың қайтар жолдағы қызу пікір алмасуларынан түсіндік.
А.КАРАМУЛДИНОВА,
М.Тынышбаев атындағы орта мектебінің
тарих, құқық пәні мұғалімі.