Туған жерге тағзым

Лепсі ауылдық округінің әкімі Серікбаева Гүлнар Мұратқызы және «Lepsy Asar» қоғамдық қорының бастамасымен  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру аясында, Лепсі ауылында «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы өтті. Форумның мақсаты — ауылдан шыққан өлке азаматтарының басын қосып, алтын бесік — ауылдың ажарлануына, дамуына атсалысуға жерлестерді шақыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті, туған елге, Отаным ызға деген патриотизмді қалыптастыру. Қонақтар алдымен М.Төлебаев мемориалды музейіне барып, М.Төлебаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хәкім рухына тағзым етті.

 

Өз өлкемізден шыққан жаны жайсаң жомарт жанды азаматтар форумның күн тәртібінде келесі мәселелерді талқылады, атап айтсақ: Лепсі ауылының жастары мен мектеп оқушыларына спорт алаңының құрылысы, Лепсі ауылдық Мәдениет үйінің алдына Е.Рахмадиевқа арналған бюст қою , № 54 орта мектебіне Базарбай Мәметовтың атын беру.

-Бүгінгі форумды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – бүгінде басқа өңірлерде тұрып жатқан Лепсі ауылының тумаларына өздерінің «кіші отанын» көрсетіп, мұндағы жұрттың қазіргі тұрмыс-тіршілігімен, істеліп жатқан жұмыстармен таныстыру. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес ел экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды бірлесіп атқаруға ұсыныс жасау, туған жердің өсіп-өркендеуіне атсалысуға шақыру. Форумға жиналған қатысушылардың жетістіктері бұрынғы Бөрлітөбе ауданында, қазіргі Лепсі ауылдық округінде туып-өсіп, білім, тәрбие алып, үлкен өмірге қанат қаққан, осындай дәрежеге жеткен бірінші кезекте — туған жердің арқасы. Туған жердің дамуы, онда тұрып жатқан ағайын-туғандардың әл-ауқатының артуы үшін қолдан келгенше көмек көрсету. Қай жерде болмасын «кіші отандарыңызды» естен шығармай, үнемі насихаттап, Лепсі ауылдық округінде оң істер мен тың бастамаларды басқаларға айта жүрсеңіздер, ол да үлкен көмек, – деп форумның  ашылуында сөйлеген Лепсі ауылдық округінің әкімі Гүлнар Мұратқызы Серікбаева құрметті қонақтарға алыс-жақыннан ат шалдырып келгендеріне ризашылығын білдірді. «Жерлестер форумына» қатысу үшін әр қиырдан 189-дан астам адам жиналды. Отандастарды туған жер төсі тебірентпей қоймады. Өйткені, сан жыл бұрын болашаққа қанат қақтырған өлкенің олар үшін орны бөлек. Әрбір тау-тасы, әр мекен-жайы оттай ыстық.

Гүлназ Есқалиева демеушілік көрсетіп, мүгедектерге арналған төсек пен ортапедиялық матрас  сыйға тартса, Аубакиров Мерхат 8 млн.теңгеге күреске арналған кілем алаңын сыйлады. Көкжиде ауылының тумасы Марал Анарбек 5 сынып оқушысы Қажуатұлы Бекжанды дарынды жұлдыз жасауға қол ұшын беретіні жайлы айтып кетті. Лепсі ауылының тұрғыны Руслан Саттыбеков өз күшімен Лепсі ауылының кіреберісіне арка құрылысын бастап кетті.  Ахметханов Талғат пластикалық терезе мен кірпіш шығаратын цехты ашып, 10-15 адамға жұмыс орнын ашты. Р.Талтусов пен С.Аугамбаев, Т.Смагуловтар жастарға спорттық алаң құрылысын 2019 жылы бастайтын болып сөз берді. Лепсі ауылдық ардагерлер кеңесі мен форумға қатысушылар атынан № 54 мектепке Базарбай Мәметовтың атын беру  туралы ұсыныстар түсті. Форум барысында Аубакиров Мерхаттың демеушілігімен «Жігер» тобының концерттік бағдарламасын тамашалды. Әрине бізде осы форумға қатысқан жерлестерге үлкен сеніммен қарап, демеушілік жасаған мәрт ағаларымызға еңбектеріне жеміс, өмірлеріне толағай табыстар тілейміз.

А.Касымова,

Лепсі ауылдық округі  әкімінің аппаратының

бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: