Туған жері –алтын тұғыры

Аузын ашса жүрегі көрінетін бұл ағамыздың қожанасырлығын, аңқаулығын, ақкөңілділігін құрдастары алуан түрлі әңгімеге арқау етеді екен. Өзіне күлгендермен берге масайрап отырып, басты кейіпкері өзі болып келетін талай қызықты оқиғаларды тізбелейтіні бар.

Есенқұл ағамыздың әкесі Әбікен Ұлы Отан соғысының ардагері. Жыл сайын жеңіс мерекесі қарсаңында мектепке шақырылатын санаулы майдангерлердің бірі ретінде Әбікен ақсақал да оқушыларға майданда өткен отты жылдары туралы естелік айтады дейді. Басқалардан өзгешелігі сол, ол кісі өтірік айтуды білмейді. Тірі жанды бір тарының қауызына сыйғызған соғыстың алғашқы күндерінде қорыққанын да, дұшпан екпініне шыдамай үдере қашқандардың ішінде болғанын да қаз-қалпында әңгімелеп беретін көрінеді.

— Ол кезде үшінші әлде төртінші сыныпта оқимын. Үйге келген соң әкеме жатып кеп ренжимін ғой. Неге замандастары сияқты майдандағы ерлігін өсіріп айтып мақтанбайды деген сауалды қаншама рет қойсам да еститінім «шындықтан қашып құтыла аймайсың, балам» деген әке жауабы,-деп бала күнін сағынышпен еске алады біздің кейіпкеріміз.

Кейін өзі де есейді. Өмірден өз жолын іздеді. Тапты да. Алайда бұл да әкесі сияқты шындықтың шеңберінен шыға алмады. Өмірінде өтірік айтып көлгірсіген кезі жоқ. Барды бар, жоқты жоқ дейтін. Әкеден жұққан мінезімен міне, 70 жасқа да жігерлі жетіп келіпті.

Осыдан жетпіс жыл бұрын Абай ауылында дүние есігін ашқан Есенқұл Жазықбаев 1970 жылы Сарқандағы Абай атындағы орта мектепті бітірді. Мектептен соң әскери міндетін атқарып, бірнеше жыл талпынып жүріп, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түскен ол бала күнгі арманының жалынан мықтап ұстады. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, туған ауылындағы Тасарық орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастаған Есенқұл Әбікенұлы 1984-1989 жылдары осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі, 1989-2010 жылдары мектеп директоры болып, кезінде өзі оқыған оқу орнының еңселенуіне бір адамдай үлес қосты. Мұндағы ескі мектептің орнына салынған жаңа типті ғимаратты қабылдап алу бақытына ие болды. Жаңа мектепке қуаныштары қойнына сыймай келген оқушыларының шаттығын бөлісті. Ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесінде екі мәрте Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі атанды. Туған мектебінде жас толқынға тарих пәнінен дәріс бере жүріп, зейнет демалысына шыққан Есенқұл ағамыз бұл күндері мектепке құрметті қонақ ретінде барады, жаңарған мектеп ұжымына ағалық ақылын айтады.

Есенқұл Жазықбаев қоғам үшін туған адам. 1990 жылдан бастап аулдағы сайлау комиссиясының төрағасы. Зейнет демалысына шыққалы ауылдық ақсақалдар алқасының, қоғамдық кеңестің төрағалығын абыроймен атқарып жүр.

Бұл кісі тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарын ұнатады. Ұнатқанда сырттай қызықтап қана қоймай, қызыға ойнайды. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Ұтылса да, ұтса да әділдіктен танбайды.

— Шахматқа бала кезден қызықтым. Бастапқыда әуесқойлықпен шұғылдансам, университет бітіріп келген соң мектеп директорымен ойнап қас қарайғанын, күн батқанын білмей қалатынмын. Бірте-бірте қатарымыз көбейді. Ер мұғалімдер бұл ойыннан сырт қала алмайтын. Кейіннен біз де жастарға ұстаз болдық. Қаншама шәкірттерім осынау ойлылар ойынын өмірлік хоббиі етіп алды,- деді Есағаң.

Шахмат партиясы әрқашанда бәсекелес екі жақтың айқасын елестетеді. Оның негізгі мақсаты қарсы жақтың короліне мат қою. Бұл айқас «әскерлік қызмет» атқаратын шахмат фигуралары арқылы арнаулы тақта үстінде өтетіні белгілі. Осы ойынды терең меңгерген ол басқа фигуралардың көмегінсіз өз бетінше ештеңе бітіре алмайтын король сияқты айналасындағы шәкірттерін бағалайтын. Солардың өмір тақтасынан өз жолын табуына тілектес жандардың қатарынан болатын.

Қай ортада жүрсе де оның әңгімесі Абай ауылынан түлеп ұшқан азаматтар төңірегінде өрбиді. Осы ауылдың топырағына аунап өскен жұлдызды жерлестерін ылғи да мақтан тұтады ол. Кімнің қайда жүргенін, қандай жетістіктерге жеткенін жаңылыспай айтып отырады. Жан дүниесі таза ағамызды ауылдық ақсақалдар алқасының төрағалығына ұсынғанда жерлестері оның адалдығын, ауылға деген сүйіспеншілігін басты бағдар тұтқан болар.

Ұстаздық – ағамыздың өмірлік мақсаты. Сол мақсатына жетті. Ұлт тарихына үңілді. Ұлылардың ұлылығын шәкірттерінің көкейіне құйды. Зайыбы Рымжан да математика пәнінің мұғалімі. Екеуі бірлесе отырып қаншама шәкірттерге байыпты бағыт берді. Өздері де бала сүйді. Олардың өсіп-өнгенін, көгеріп-көктегенін көрді. Ұрпақ қызығына кенелді. Бір сөзбен айтқанда алдындағы ағаның етегінен тартпады, жолын қуды, артындағы інінің бетінен қақпады, белін буды. Жетпіс жас желкенін кергенде Есағаң осындай мүмкіндік берген тағдырына іштей шүкіршілік етеді. Өмір, әрине, осынысымен қызық.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: