Қай қоғамда өмір сүрсе де, адамның мейірімді, қайырымды, адамгершілікті, ізгілікті болмағы бірінші кезекте өскен, тәрбиеленген ортасымен тығыз байланысты. Тұла бойына тамаша адами қасиеттерді бойына жинақтай білген мұндайлар айналасындағылардан тура осы сынды керемет адами әдет-дағдыларды талап етеді.
Оларды тап басып тану көп қиындық тудырмайды. Сырт келбеті, түр тұлғасы мен кескін-кейпеті көп дүниеден хабар беретіні анық. Тіпті тұрған тұрысы, жүрген жүрісі, жымиған күлкісі, сөз саптауының өзінен көп нәрсені аңғаруға болады десек, соның бәрі текке байланысты болса керек.
Көп жағдайда туған жер климатының да адамның қалыптасу барысына қатты ықпал ететіні ғылымнан белгілі. Ауа райы мен климаттың адамдардың мінез-құлқына әсер ету тұжырымдамасын қалыптастырған француз ойшылы Жан Боден болып саналады. Туа бітті жоғары адами қасиеттерді ата-анасының қанымен бойына сіңіріп, тамаша тәлім-тәрбие көріп өскен Ысқақов Төлеухан ағамыз сондай жаны жайсаң азаматтардың сойынан болатын.
Жер жәннаты Жетісудың оңтүстік-шығысында орналасқан ерке сылқым- Балқаштың толқынды жағасында туып өскен Төлеухан ағаның бала қиялы оның қолын алысқа серметті. Қазақ классикалық музыкасы мен операсының жарық жұлдызы, атақты композитор Мұқан Төлебаев пен тәуелсіз Қазақстан Республикасының гимнін алғашқы орындаушы тума талант, күміс көмей әнші Сара Тыныштығұлованы өмірге әкелген қасиетті Бөрлі өңірінде Төлеухан ағаның да кіндігі кесілді.
Балқаш көлінің тура жағасындағы балығы тулап, бақасы шулаған Қарашыған атты балықшылар елді мекенінде 1940 жылдың 28 қаңтарында дүние есігін ашқан кейіпкеріміздің балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына тура келді.
Киетін киім мен ішетін тамақтан тарылып, жоқшылықтың азабын көп тартқан қатарластарымен бірге мектеп табалдырығынан аттап, оны өте жақсы аяқтады. Жастайынан зеректігімен, ақылдылығымен, бір беткей мінезі және әділдік сүйгіштігімен ерекшеленіп тұратын оны құрдастары мен мектептегі ұстаздары да қатты жақсы көріп, сыйлап құрмет тұтатын.
Қашанда маңайындағыларға көмектесуге дайын тұратын елгезек шәкірт мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап адам жанына арашашы болуды армандады. Ақ халат киген абзал жандарға көп еліктеді. Алғашқы жылдары жоғары оқу орнына түсуден жолы болмай, Лепсі металл бұйымдары зауытына слесарь болып жұмысқа орналасты.
Екі жылдан соң арман қуып астанаға қайтара келіп, сынақтардан сүрінбей өткен ол 1959 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Курстастарының арасында тиянақтылығымен, білімділігімен көзге түскен Төлеухан аға институттың емдеу ісі факультетін 1965 жылы ойдағыдай тәмамдады.
Сол жылы туған еліне оралып, Лепсі поселкелік ауруханасында дәрігерлік қызметін бастады. Алғашқы кездерде кәдімгідей қиналды. Институттағы мықты оқытушы-профессорлар құрамынан алған тиянақты білімін күнделікті шынайы өмірде жаны қиналып, алдына келген науқастарға қолдану оңай шаруа емес екен. Бірақ, уақыт өте келе ұйымшыл ұжымдағы тәжірибелі дәрігерлер оған науқастарды қалай қабылдауды, күнделікті жұмыс жоспарын құруды, аурудың диагнозын дәл анықтап, амбулаториялық немесе стационарлық науқастың медициналық картасын қатесіз толтыру қажеттігін үйретті. Денсаулығы сыр берген ауру адамдарды жас ерекшеліктеріне қарай бөліп, оларға дәрі-дәрмектерді дұрыс тағайындаудың қыр-сырларына баулыды.
Осы бір жандары жайсаң азаматтар жас дәрігерлерге өздерінің тәлімді тәжірибесін, емдеудің жаңа тәсілдерін үйретуден еш жалыққан емес. Олар ұжым арасында беделі зор, білетіні көп, халыққа сүйкімді дәрігерлер еді. Медициналық институтта немесе училищеде алған тар шеңберлі мамандықтарына қарамай, әрқайсысы бала дәрігері педиатор, ота жасайтын хирург, қажет болса терапевт болып ем жасай беретін. Себебі, облыс орталығынан алыста жатқан әрі көлік қатынасы дамымаған Бөрлі өңіріндегі кез келген мамандық иелері орталыққа көп жалтақтамай, тек өздеріне ғана сенуге дағдыланған болатын.
Үйренуге жаны құштар жас дәрігер тәлімгерлерінің айтқандарын екі етпей, барлығын зейінімен тыңдап, көрсеткендерін ұқыптылықпен іске асырып жүрді. Медициналық институтта алған тамаша теориялық білімін ауруханадағы ауыр практикамен табысты ұштастыра білген жас маманды басшылық жарты жыл өтпей, инфекция бөлімінің меңгерушісі қызметіне ұсынды.
Сол жылдары ауыл шаруашылығы мен өндірісі өрге домалап тұрған Бөрлітөбе ауданының орталық ауруханасының әртүрлі бөлімдерінде ынтымағы жарасқан көп ұлттың өкілдері еңбек ететін. Олардың арасында дәрігерлік ісіне өмірін арнаған тәжірибелі мамандар да аз еместұғын. Алайда, табиғаты қытымыр, жазы аптап ыстық, қысы сақылдаған аязды, ұйытқыған боранды әрі тұрғындары тек мал мен балық шаруашылығына ғана негізделген осы ауданға жас мамандардың тұрақтап қалуы өте өзекті мәселе еді. Сол тұста осыны түсінген аудан басшылығы жергілікті кадрларды тәрбиелеп, қызмет бабында көтермелеп өсіру үрдісін жақсы жолға қоя білді.
1967 жылы хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысқан Төлеухан аға өзінің келешегінен мол үміт күттіретін маман екендігін басқаларға тез мойындатып үлгерді. «Жас келсе, іске» демекші араға жыл салып, Лепсі станциясының поселкелік ауруханасының бас дәрігері атанды.
Іскер жас маманның аяқ алысына тәнті болған Талдықорған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары 1972 жылы маусым айында Ысқақов Төлеуханды Бөрлітөбе аудандық ауруханасының Бас дәрігері қызметіне тағайындады.
Бұл аудан және ауыл тұрғындарының өмірі мен тұрмысында керемет жағдайлардың әлі жасала қоймаған кезі болатын. Көлік қатынасы қиын, шалғайда жатқан Құрақсу, Егінсу, М.Төлебаев пен М.Горький атындағы совхоздармен қарым-қатынас жасап, ол жерлерден шұғыл науқастарды аудан орталығына жекізу оңайға түспейтін. Аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, ауылдан алыста отыратын малшы ағайынның денсаулығын қадағалау — кезек күттірмес шаралардың бірітұғын. Бұлардың бәрі бас дәрігердің қадағалауы мен назарынан еш уақытта шығып көрген емес.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жедел көмек көліктерін бөлдіріп, оларды ауылдарға бекітіп беру де жүйкеге аз салмақ түсірген жоқ.
Әсіресе, ауылдық жерлердегі амбулаториялық емханалардың жұмысын жандандыру, оларды жоғары білімді дәрігерлермен қамтамасыз ету қиынға соқты, себебі олар алыстағы ауылдарға еш барғысы келмейтін. Мұндай кезде қатал талап қою қажеттілігі туындайды. Жас мамандармен ашық-жарқын сөйлесіп, мамандығына қызығушылығын оятып, бағдар беру қажет. Бұл жұмыстар да өз кезегімен аз ғана уақыттың ішінде игеріліп жатты.
Аудан орталығынан аптека қоймасын ашып, оны облыстан келетін дәріі-дәрмекпен қамтамасыз ету де біршама қажырлықты талап етті. Қиындыққа мойымайтын Төлеухан аға осы жұмыстардың барлығын үлкен ыждағаттылықпен орындады. Алматы, Семей қалаларындағы медициналық институттарды аяқтаған жас мамандарды жұмысқа тартты, Талдықорғандағы медициналық училищеге жергілікті жас қыздарды жолдамамен оқуға жіберіп, олардың қайтып келіп ауылдардың ауруханалары мен емханаларында жұмысқа орналасуына мол мүмкіндіктер жасады.
Қызмет бабындағы қиындықтар мен ауыртпашылықтарды жеңе білген атпал азамат халық алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, өзінің мамандығына деген құрметі мен Гиппократқа берген антына адалдығын танытты.
Бөрлітөбе ауданының орталығы Лепсідегі жаңа аудандық аурухана құрылысы үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлдіріп, оны заман талабына сай салып, медициналық құрал-жабдықтармен және аспаптармен жабдықтау – Ысқақов Төлеуханның өміріндегі ең бір қуанышты да аса жауапты миссия болатын.
Кәсіби дәрігерлердің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, заманауи мықты медициналық аппараттармен жабдықталған, науқастарды емдеудің жаңашыл әдіс-тәсілдерін кеңінен қолдана алатын ұжымның жақсы атағы облыс жұршылығына тез таныс болды. Мұндай ұйымның іскер басшысы тек халық тарапынан сүйіспеншілікке ие болып қана қоймай, облыс басшыларының назарына да ілікті. Сондықтан болар, Төлеухан ағаға Талдықорған облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары қызметіне ұсыныс түсті. Алайда, кіндігі туған жерінен ажырамаған азамат өзінің жанындай жақсы көретін Лепсісі мен оның халқына адалдығы мен шын берілгендігін танытты. Сондай үлкен лауазым мен мол мүмкіндіктен бас тартты. Әріптестері осы табандылығы мен тұрақтылығы үшін Төлеухан ағаны әрдайым үздік дәрігер, білікті маман, адал азамат ретінде құрмет тұтты, жоғары бағалады.
Оның сонау 1965 жылдан бергі өмірінің саналы сәттері мен салауатты күндерін медицина саласына арнап, атқарған еселі еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жоқ.
Алғаш рет 1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, ал араға тоғыз жыл салып КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен «Денсаулық сақтау үздігі» белгісін төсінде жарқыратты. 1986 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін Талды-Қорған облыстық халық депутаттары Кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медаліне ұсынылды.
Еңбектен тыс ауданмен қоса, облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, халық қалаулысына айналып Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына да бірнеше мәрте сайланды. Осы лауазымда жүріп, облыстың дамуы мен қалыптасуына және мемлекетіміздің тәуелсіздігінің нығаюы жолында жоғары біліктілігі мен мол тәжірибесін аямай туған халқына қалтқысыз қызмет етті.
Төккен тері босқа кетпей, Қазақстан Республикасының Президентінің 1992 жылғы наурыздың 24-дегі Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын иеленді.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін Ысқақов Төлеухан Қазақстан Республиканың Құрмет грамотасымен наградталды.
Майталман дәрігер ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің Құрмет грамотасы, Алматы облысы Әкімінің, Денсаулық сақтау басқармасының басшыларының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен де сан мәрте марапатталып, абырой биігінен көрінді.
«Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бағдарламасын жүзеге асырудағы жемісті еңбегі үшін марапатталған Құрмет грамотасының орны да ерекше.
Сарқан ауданының қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділігі мен медицина саласындағы жеткен жоғары жетістіктері үшін Алматы облысы Сарқан ауданының мәслихатының XXIX сессиясының 2003 жылғы 5-ші маусымдағы шешімімен Ысқақов Төлеухан Ысқақұлына «Сарқан ауданы Құрметті азаматы» атағы берілді.
Халық қалаулысы ретінде ел игілігі мен облыс, аудан мүддесі жолындағы атқарған абыройлы істері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, кеудесіне «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Мұхамеджан Тынышпаевтың туғанына — 130 жыл» мерекелік медальдарын қадады.
Ысқақов Төлеухан басқарып отырған ұжым, яғни Лепсі ауылдық ауруханасы биік межелерді бағындырып, халық денсаулығын сақтау ісіндегі қол жеткізген табыстары үшін 2013 жылғы ауылдық ауруханалар арасындағы бәйгеде топ жарып, Алматы облысының «Үздік ауылдық ауруханасы» болып танылды.
Мұның бәрі ардақты азаматтың аянбай еткен еңбегінің нәтижесі, ел деп атқарған елеулі қызметінің жемісі мен өтеуі еді. Бұл еңбекпен ерте есейген Төлеухан ағаның көрген қиындығы, тартқан тауқыметі мен төгілген маңдай терінің төлеуі болатын.
Тағдырдың тәлейіне тартқан керемет сыйы болар, Ысқақов Төлеухан Лепсі ауруханасында бір орнынан тапжылмай 1965 жылдан 2016 жылға дейін
51 жыл, яғни жарты ғасыр адал қызмет етіп, сүйікті ісін абыроймен атқарып барып зейнеткерлікке шықты. Ардақты ардагеріне ұжымы үлкен сый көрсетіп, қимастықпен қадірлеп құрметті демалысқа шығарып салды.
Ол кісі зейнеткерлік өмірінде мәнді де мағыналы өткізді. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне зор көңіл бөліп, жас мамандарды баулыды. Шаруашылық құрып, оның тасын өрге домалатты. Жастарды еңбекке тартты, кәсіпкерлікке үндеді. Өзі оларға ақыл айтып, өнеге-үлгі бола білді.
Төлеухан аға отбасылық өмірінде де бақытты жан еді. Сүйікті жан жары Шынқожанова Фатима апаймен бірге отау құрып, өмірге Асхат, Қанатжан секілді ақылды ұлдарын, Ардақ, Жанат секілді сүйкімді қыздарын әкелді. Ұлын қияға, қызын қияға қондырды. Немере жетелеп, мейірін қандырды. Үйінде тәлімді тәрбие көрген балаларының барлығы бүгінде халық шаруашылығының сан түрлі саласында табысты қызмет атқарып жүр.
Бүкіл саналы ғұмырын өскен жері мен туған елінің өркендеуі мен жарқын болашағы үшін сарп еткен абзал азамат Төлеухан Ысқақовтың үлкен жүрегі 2016 жылдың 25-ші желтоқсанында соғуын мәңгілікке тоқтатты. Алайда, оның артында мәңгілік мұра болып мемлекет пен қоғамға сіңген ерен еңбегі, ел ертеңіне арнаған игілікті істері, қайырымды шаралары мен ұлағатты өнегелі өмірі қалды.
Жылдар артынан жылжып жылдар өтуде. Ұрпақ алмасып, сабақтастық жалғасуда. Дегенмен, үлкен өкінішке орай, бүгінде өзі өмірден өткен соң тумысы бөлек тұлға Ысқақов Төлеуханның ерен еңбегі мен артында қалдырған мол мұрасы тиісінше бағаланбай жүр.
Денсаулық сақтау ісінің үздігі әрі ардагері Ысқақов Төлеуханға өзі туып өскен, мәртебелі ғұмыр кешіп абыройлы еңбек еткен Лепсі ауылынан көше атын берсе, әрине, нұр үстіне нұр болар еді.
Лепсі ауылының тұрғындары мен қоғам белсенділері бастаған ардагерге көше атын беру жөніндегі осы бір игі бастама Жетісу облысы, Сарқан ауданы Мәслихатының жаңадан сайланатын халық қалаулылары тарапынан қолдау табатынына үміт артамыз. Сарқан ауданының Әкімі мен аппараты да мұндай тәрбиелік маңызы өте зор айтарлықтай іске жанашырлық танытатынына сеніміміз мол.
Аудан мен ауылдың абыз ақсақалы деуге лайық Ысқақов Төлеухан сынды асыл азаматтарымыздың сүрген үлгілі өмірі, денсаулық сақтау саласын ұтымды басқарудағы өзіндік қолтаңбасы мен халық қалаулысы ретіндегі игілікті істері өскелең ұрпақ пен ел іргесін қалайтын болашақ жастарға керемет өнеге болары айқын әрі анық.
Есенай ІҢКӘРБАЕВ
тарихшы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,
саяси ғылымдарының кандидаты.