2010 жылы 30 сәуірде Үкіметтің №370 қаулысына сәйкес құрылған «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі еліміздегі осы тектес құрылымдардың жасы санатында. Дегенмен жеті өзен өрнектеген өлкенің Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының аумағында орналасып, 356022 га көлемді алып жатқан аталмыш парктің «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсетерлік көрікті жерлері жетерлік. Ұшқан құс, жүгірген аңнан бөлек туристер тамсанарлық табиғат ғажайыптары аймақ әлеуетін арттырудың таптырмас жолы. Осы мақсатта ұлттық парк 11 туристік бағыттарды белгілеп, келген жанға биоалуантүрліліктің бар кереметін көрсетуге толық мүмкіндігіміз бар, — дейді аталмыш парктің экологиялық ағарту және туризм мамандары. Оның ішінде тарихи жерлерге табан тигізетін этнографиялық бағыттардың, сондай-ақ Жетісудың мақтанышы — барлық мәдени алма сорттарының ата-тегі болып табылатын әлемге әйгілі Сиверс алма ағаштарының табиғи ортасын көруге себепкер — ғылыми-танымдық турды айрықша атап өтуге болады. Келер жылы өзінің мерейлі 10 жылдығын атап өтетін ұлттық паркте жер бетінде өзге жерде кездеспейтін, тек осы табиғи ортаға ғана тән өсімдіктердің 76 түрі анықталған. Бұдан бөлек еліміздің Қызыл кітабына енген жан-жануарлар ерекше қорғауды қажет етеді.
Өткен аптада аудандық орталық кітапханада «Жоңғар-Алатауы» МҰТП өкілдерінің жастармен өткен кездесуінде осынау жайттар кеңінен сөз болды. Ұлттық парктің Сарқан филиалының экологиялық ағарту және туризм маманы Айдана Турысбекова ерекше қорғаудағы аумақ турасында жан-жақты мәлімет беріп, туризм саласын ілгерілету жұмыстарында БАҚ саласының алар орны зор екендігіне тоқталды. Ұлттық парк сондай-ақ мерзімді өткізілетін Республикалық «Парктер шеруі» байқауында жылда жүлделі орындардан көрініп келеді. Бұл жұдырықтай жұмылған үлкен ұйымның ерен еңбегіне берілген баға деуге болады. Экологиялық, мәдени, тарихи әрі эстетикалық құндылығы маңызды аумақты табиғи қалпында сақтау мақсатында әлі де жүйелі жұмыстар жасала беретін болады.
Соңында шараны ұйымдастырушылар қатысушыларды қызықтырған сауалдарға жауап беріп, көрген жанның көңіл көкжиегін өсіретін тұмса табиғатты жақыннан тамашалауға, әрі жақсы дәстүрге айналған «Сиверс алмасының гүлдеуі» арнайы фестиваліне шақырды.
П.Жеңісхан.