Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, құқықтары мен міндеттерімен таныстыру әрі олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен Н.Островский атындағы мектеп лицейде «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында спорттық жарыс өткізілді. Білім ордаларының басшылары өздерінің командаларын үкілеп қосқан жиында аудандық білім бөлімінің басшысы П.Иманғазиева осынау жарыстың мән-маңызына кеңірек тоқталып, қатысушыларға сәт-сапар тіледі.
Ал спорттық жарыстың жүргізушісі өткізілу ережесін, командаларға қойылатын талаптар, лайықты баға беретін қазылар алқасын жиналғандарға таныстырып өтті. Эстафеталық ойындар, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен өріс алған сайысты қазылар алқасы бағалап, орындар белгіледі. Жеңімпаздарды аудан прокуроры Е.Андабаев марапаттап, кубоктар мен сыйлықтар табыс етті. Сонымен сайыс нәтижесі бойынша бас жүлдені Политехникалық колледждің «Жас қанат» командасы жеңіп алды. І орынды Лепсі ауылдық округінен келген «Жас ұлан», ІІ орынды Гуманитарлық колледждің «Жеңіс», ІІІ орынды №1 мектеп-гимназияның «Непоседа» командалары иеленді.
Өз тілшіміз.