
Конституция жобасының маңызды нормалары кеңінен талқыланып жатқан мазмұнды кездесулер ауданымызда жалғасын табуда.
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның халықтық конституциясы үшін!» аудандық коалициясы жақында Ерікті мектебінің ұжымымен кездесті. Көкжиде ауылында Ерікті орта мектебінде Жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру, ондағы өзгерістердің ел болашағына әсерін жеткізу мақсатында мектеп қызметкерлерімен кездесу өтті.

Кездесуге Сарқан аудандық коалициясының мүшелері Искаков Асхат Төлеуханұлы, Айтжанов Ертай Нүсіпұлы, Жетібаева Гүлнар Мұқашқызы қатысты.
Кездесу барысында аудандық коалициясының мүшелері жаһандық сын-қатерлер мен халықаралық тұрақсыздық белең алған қазіргі кезеңде мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртудың маңызы арта түскеніне назар аударып, мұндай қадам Қазақстанның әлемдік үрдістерге бейімделуіне және құқықтық жүйесін жүйелі түрде нығайтуына мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Конституция жобасында елдің одан әрі дамуының негізгі бағдарлары да нақты айқындалған. Атап айтқанда, адам капиталын дамыту, мемлекеттілікті, Тәуелсіздік пен егемендікті нығайту, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау басты басымдық ретінде белгіленіп отыр. Мұның барлығы аталмыш аудандық коалициясының мүшелері тарапынан жан-жақты айтылып, қатысушылардың ой-пікірлері ортаға салынды.
Айта кету керек, 15 наурызда Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдум өтеді.
Өз тілшіміз.
