
Құқықтық сауаттылық – әрбір азамат үшін маңызды және қажет білім саласы. Бұл тек заңгерлерге ғана емес, күнделікті өмірде қарапайым адамдарға да керек. Қоғамда өз құқығын білетін және оны қорғай алатын азамат қашан да сенімді, сауатты әрі қорғалатын болады.
Полиция тоқтатқан жағдайда ең алдымен қызметкер өзінің куәлігін көрсетуі тиіс. Ол сені не үшін тоқтатқанын және қандай себеппен құжат талап етіп жатқанын нақты түсіндіруі керек. Сен өз кезегінде жеке куәлігіңді көрсетуге міндеттісің. Егер өз қауіпсіздігің үшін жағдайды видеоға түсіргің келсе, заң бойынша оған рұқсат бар, тек бұл әрекетпен полиция жұмысына кедергі келтірмеу қажет.
Егер сені полиция бөлімшесіне алып кетсе, бұл әрекет тек заңды негізде жүзеге асуы тиіс. Мысалы, сен құқық бұздың немесе жеке басың анықталмаған жағдайда. Мұндай кезде сені үш сағаттан артық ұстай алмайды. Кез келген жағдайда сен адвокат талап ете аласың. Бұл – заңмен бекітілген құқығың.
Әр азаматтың негізгі құқықтарына мыналар жатады: жеке бас бостандығы, сөз және пікір білдіру бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, ақпарат алу құқығы. Бұл құқықтарды ешкім шектей алмайды. Егер біреу сені қорқытса, қысым жасаса немесе алаяқтыққа тап болсаң, 102 нөміріне хабарласуға толық құқығың бар. Ал егер полиция қызметкері өз өкілеттігін асыра пайдаланып, дөрекілік көрсетсе немесе заңсыз әрекет жасаса, ішкі қауіпсіздік басқармасына немесе прокуратураға шағымдануға болады.
Тіл білмейтін азаматтар аудармашы талап ете алады. Бұл – олардың заңмен қорғалған құқығы. Сонымен қатар, қандай да бір заңсыздыққа ұшырасаң немесе өзіңді қауіпсіз сезінбесең, жазбаша арыз жазуға толық құқығың бар.
Құқықтық сауаттылық – бұл өзіңді қорғаудың ең тиімді жолы. Құқығыңды біліп, оны заң аясында қорғай білсең, сен ешкімге тәуелді болмайсың және әділетсіздікке жол бермейсің. Бұл қоғамдағы әділеттілік пен тәртіптің негізі.
«Жетісу-Ақпарат»