Қылмыс деңгейі төмендеді: өңірдегі құқықтық ахуал тұрақтанып келеді

Жетісу облысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижелері бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны азайғаны байқалады. Биылғы есептік кезеңде СДТБТ-да (сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі) 1011 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 10,4 пайызға төмендеген.

Тіркелген қылмыстық істердің басым бөлігі Талдықорған қаласында анықталған. Мұнда 440 дерек тіркелсе, Панфилов ауданында – 102, Алакөл ауданында – 72 қылмыс есепке алынған.

Қылмыстар санаттары бойынша жүргізілген талдау да оң өзгерістерді көрсетеді. Ауырлығы орташа қылмыстар саны 16,1 пайызға азайып, 440-тан 369-ға дейін төмендеген. Сонымен қатар онша ауыр емес қылмыстар да 13,3 пайызға кеміп, 195-тен 169-ға дейін қысқарған.

Дегенмен, кейбір санаттар бойынша өсім тіркеліп отыр. Аса ауыр қылмыстар 12,5 пайызға өсіп, 16-дан 18-ге жеткен. Сондай-ақ ауыр қылмыстар саны 3,9 пайызға артып, 282-ден 293-ке дейін көбейген. Мамандардың айтуынша, ауыр қылмыстардың өсуі Талдықорған қаласынан бөлек, Кербұлақ және Көксу аудандарында да байқалған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстардың ашылу деңгейі 74,4 пайызды құрады. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар толық ашылып, көрсеткіш 100 пайызға жеткен. Ауыр қылмыстардың ашылуы – 79,1 пайыз, ауырлығы орташа қылмыстар – 64,2 пайыз, ал онша ауыр емес қылмыстар бойынша 81,3 пайыздық нәтиже көрсетілген.

Жалпы, статистикалық мәліметтер өңірдегі криминогендік ахуалдың біршама тұрақтанғанын аңғартады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жалғастыруда.

Мерейхан Серікжан

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық

статистика және арнайы есепке алу комитетінің

Жетісу облысы бойынша департаментінің аға прокуроры

Мәліметпен бөлісу: