Қылмыстық істерді электрондық форматта тергеу тәжірибесі туралы Қайта оралу

А.ж. 23 тамызда Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Төрағасы Сәбит Нұрлыбай қылмыстық істерді электрондық форматта тергеу тәжірибесінің қазіргі жай-күйі бойынша ведомствоаралық кеңесін өткізді.

Кеңестің жұмысына Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың өкілдері, сондай-ақ жауапты қызметкерлер қатысты.

С. Нұрлыбай іс-шараға қатысушылардың назарын Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттерге аударды. Бұл құқық қорғау органдарының қызметін цифрландыру, оның ішінде қылмыстық істерді электрондық форматта тергеуге негіз болатын қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыру болып табылады.

Қазіргі таңда 134 мыңнан астам қылмыстық іс электрондық форматта тергелуде, бұл сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі істердің жалпы санының 90% — дан астамын құрайды.

Отырыста Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев, Бас прокуратураның 1-Қызметі бастығының орынбасары Әли Жәрдемов, сондай-ақ Жоғарғы Сот департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Бәйтілесов баяндама жасады.

Сондай-ақ, жиналыс барысында өңірлер бойынша электрондық қылмыстық істерді жүргізу тәжірибесі талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Комитет Төрағасы электрондық форматта қылмыстық істерді тергеудің тиімділігін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін әзірлеу жөнінде бірқатар ұсынымдарды атап өтті.

Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне электрондық қылмыстық істер материалдарын қағаз түрінде өз бастамашылығымен прокуратура органдарына жолдау тәжірибесін және электрондық істер бойынша қағаз форматта тергеу әрекеттерін жүргізуді болдырмау, сондай-ақ қылмыстық істерді электрондық тергеу жұмысының жай-күйіне ведомстволық бақылауды арттыру жөнінде қосымша шараларды қабылдау ұсынылды.

Электрондық істер бойынша қағаз құжаттарды талап етпей, тек электрондық форматта Сотқа дейінгі тергеп тексеру тізілімінде процестік шешімдерді келісу және бекіту қажеттілігіне қадағалаушы прокурорлардың назары аударылды.

Бас прокуратура Жоғарғы Сотпен бірлесіп электрондық қылмыстық істерді үздіксіз тіркеу мақсатында Сотқа дейінгі тергеп тексеру тізілімі мен «Төрелік» ақпараттық жүйелерінің техникалық өзара іс-қимылы бойынша жұмысты жалғастырады.

Кездесу соңында қатысушылар қылмыстық істерді тергеудің электрондық форматын одан әрі жетілдіру бойынша бірлескен шешімдер қабылдады.

Мәліметпен бөлісу: