5 қазан Ішкі істер органдарының құрамындағы Қылмыстық іздестіру қызметі күні болып саналады. Ағымдағы жылы бұл қызметке 100 жыл толды. Өзінің құрылу кезінен бастап криминалды полиция және басқа да жедел қызметтер болып өзгерген қылмыстық іздестіру құрылымы аталмыш күні өздерінің төл мерекелерін аудандық мәдениет үйінде бар сән-салтанатымен атап өтті.
Шара ресми түрде ашылған соң алғашқы сөзді аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев алып, айтулы күннің мән-маңызына тоқталды. 1918 жылдан өз бастауын алатын осынау мерекенің тарихынан жиналғандарды хабардар еткен Ербол Айтқалиұлы аудандағы осынау бөлімшенің жүйелі жұмысын тілге тиек етіп, барша әріптестерін айшықты күнмен құттықтады.
Мерекелік лебіздер легін аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов, аудан прокуроры Ерлан Андабаев жалғап, қоғам тыныштығы жолында уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген қылмыстық іздестіру бөлім қызметкерлерінің ерен еңбектерін орынды атап өтті. Мерекелік жиында бірқатар тәртіп сақшыларының, ішкі істер орган ардагерлерінің кеудесінде «Қылмыстық іздестіру қызметіне-100 жыл» арнайы төсбелгісі жарқырап, иегерлерінің мәртебесін асқақтатты. Тағы біраз сала қызметкерлеріне облыстық, аудандық ішкі істер құрылымдарының Құрмет грамоталары салтанатты түрде тапсырылып, марапат мерей өсірді. Сондай-ақ аудандық орталық аурухана, «Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалының және аудандық электр желілері кәсіпорны ұйымдарының өкілдері де айтулы күнмен тәртіп сақшыларын құттықтап жекелеген сый-сияпаттарын табыстады. Шара соңы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің мерекелік концертімен түйінделді.
П.Жеңісхан.