Қылмыстың өтеуі — жаза

Өңірімізде жыл өткен сайын мал ұрлығының саны артуда. Жылдар бойы бағып-қағып, баптап күткен малдарынан бір-ақ сәтте айырылып қалу күнкөрісі төрт түлікпен тікелей байланысты ауыл тұрғындарының қай-қайcысына да оңай тимесі анық. Жесең – тамақ, кисең – киім, сатсаң – пұл, мінсең – көлік бола білген мал ашуы-жан ашуы болатындығы сондықтан.  Біреудің ақ-адал, табан ақы, маңдай термен табылған дүниесіне арам аузын былғап, оңай әрі мол олжаға кенелемін деп ұрлыққа барғандар қанша іздерін суытып, жасырынып баққанымен түбінде өзіне оқылатын үкімді тыңдары анық. Оған мына бір оқиға айқын дәлел.

2018 жылдың маусым айының 25 күні кешқұрым Сарқан қаласында тұратын Айбар Өміртаев Алмалы ауылынан 2 шақырым шамасында жайылып жүрген құнанды көзі шалады. Жылқыны жымқырып кетуді ойлаған ол айналада ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң арам ойын жүзеге асырып, оқиға орнынан бой тасалайды. «Ұрлық түбі қорлық» екендігін ескермеген  кейіпкеріміз біраз уақыт өткізіп барып тағы бір қылмысқа бел буады. Танысы Р.Төлеубеков екеуі қыркүйек айының 8-і күні Аманбөктер ауылына келеді. Түн жамылған екеу ауыл тұрғыны Б.Темірбаевқа тиесілі қорадан 4 бас жылқыны жетекке алып жөнеледі. Осылайша 5 бас қамбар ата түлігін қолды қылып, екі тұрғынға елеулі мүліктік залал келтіріп, оңай олжаға кенелдім деп ойлаған ұрының көп ұзамай сыбайласы екеуі заң алдында жауап беруіне тура келеді. Р.Төлеубековқа аудандық соттың үкімімен 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген барлық шығынды қалпына келтіруге сөз берген айыпты  өз еркімен кінәні мойындау туралы нысандағы процестік келісімге келеді. Аудандық сот осылайша оны кінәлі деп танып 3 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны тағайындайды. Сонымен қоса жергілікті атқарушы органдарға оны жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартуды міндеттейді. Тиісті жаза талаптарынан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда жаза түрі бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылатыны да сотталушының есіне салынады. Ізгілікті қоғам құрамыз деген ұстаным кейбір заңымызды (оның ішінде қылмыстық баптарды) тым жұмсартып жібергендей. Жоғарыдағы мысал соған жарқын дәлел сияқты. Қаншама рет ұрлықпен ұсталса да тор көздің ар жағына тоғытылмағандар қаншама.  Қазақтық қалыбымызға салып келтірілген шығын өтелгенде кешірім арыз жазып ұрыны өз қолымызбен жөніне жіберетініміз не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін жағдайға жеткізді. Осылайша кешіріммен құтылған қылмыскерге ұрлық жасауға екінші мүмкіндікті өзіміз беретініміз қынжылтады.

Аталмыш қылмыстың алдын алуда кедергілер де жетерлік. Біріншіден, мал иелерінің жоғалған малдарын өз күштерімен бірнеше күн іздеп, соңынан таппаған соң біраз уақыт өткізіп ішкі істер органдарына арызданатындығы. Бұл жағдай қылмыстың ізін суытпай ашуға кері әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Сондай-ақ жекеменшік малдарға ен салу және сырғалау яғни бірдейлендіру жұмыстары, оларды сатқан немесе сатып алған жағдайда тиісті дерекқордан шығару немесе енгізу жұмыстарындағы салақтық салдары да ұрланған малдардың еркін сатылуына жол ашуда. Тұрғындардың, соның ішінде малын жоғалтып, арызданғандардың тәртіп сақшыларына деген сенімсіздігі де құқық қорғау саласындағы кемшіліктердің көрсеткішіндей. Мал ұрлығының ұзақ жылдар ашылмай жоқшының жүйкесін жұқартқан оқиғалар қаншама. Осынау шаруада қанша алдын алу жұмыстары жүргізілгенмен өзекті мәселе сол өзекті күйінде қалып отыр. Ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі мал шаруашылығы екендігін ескере отырып, ұрлықтың осы түрін ауыр санаттағы қылмыстар қатарына жатқызып, ұсталған қылмыскерлердің бас шарасын заң түрінде қатаңдатпаса «жолы болғыш» жандардың көбейері сөзсіз. Бірақ қылмыстың өтеуі қашан да жаза. Түбінде қолына кісен түспегендердің заң алдында болмаса да ар алдында бір жауап берері айдан анық.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: