Бәріміз де 2022 жылдың 2-6 қаңтарыңда елімізде орын алған оқиғалардың куәсі болып отырмыз, елімізге лаңкестер шабуыл жасады. Олар елімізді ойрандап, маңызды деген нысандарды бүлдірді, мемелекетті жоюға, тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдыруға әрекет жасады. Неше түрлі жалған ақпараттар таратып, аңғал жастарды соңынан ертіп, жазықсыз жандарды қырғызып, ел экономикасына орасан зор шығын келтірді. Елді корғау жолында қаншама жазықсыз жандардың қаны төгілді. Шейіт болғандардың қаны содырлардың, экстремистердің ғана емес, айтаққа ерген саяси сауатсыз шерушілердің де мойнында, осыны біліңіздер. Бұл барлығымызға ащы сабақ болуға тиіс. Ендігі айтарым: бұдан әрі қан төгілмесін, іргеміз сөгілмесін, боздақтарымыз мезгілсіз көмілмесін десеңіздер, мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыз керек.
Қазір тәуелсіздігіміз қыл үстінде тұрғанда, бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, президент Қ.К.Тоқаевтың үндеуін, Мәжіліс депутаттарының алдындағы сөзінде атап көрсетілген тапсырмаларды ел болып қолдайық! Әр халықтың болашағы сол халықтың өз қолында. Күшіміз — бірлікте. Ендеше бірлігімізді бекемдейік! Біздің басты құндылығымыз мемлекеттігіміз, егемендігіміз, ата-бабамыз аңсап әрең қол жеткен тәуелсіздігіміз. Ендеше соған ие болу үшін саяси мәдениеттілігімізді арттырайық! Қазіргі қалыптасқан төтенше жағдайдың мәнін ұғынып, барлығымыз да тәртіпке бағынайық. Тағы да айтарым: өз бастарын қатерге тігіп, ел тыныштығын қорғап жүрген құқық қорғау қызметкерлері, сарбаздарымыз, дәрігерлер, еріктілер әлі де террористермен күресті жалғастыруда. Олар үйлерінен жырақ жерде, суықта ыстық ас-сусыз, бейбіт халықтың тыныштығын күзетуде. Оларға бүкіл халық болып көмектесейік, азық-түлікпен қолымыздан келгенінше көмек ұйымдастырайық! Еліміз мәңгілік босын десек, Президенттің төңірегіне топтасып, бұл қиыншылықты да бірге жеңіп, бірге еңсерейік! Еш уақытта әлеуметтік желілерге, арандатушылыққа ермеңіздер, ондай хабарларды таратпаңыздар, тек қана ресми ақпараттарға ғана сеніңіздер. Қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, сабырлық танытып, ынтымаққа келіңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Е.Судурбаева,
Амангелді ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы.