Қыран құс – қазағымның қасиеті

Түрлі іс-шараларда қыран құсты қолына қондырып, көшпелілік кезеңнің алтын жұрнағындай жұртшылық назарын өзіне еріксіз аударып жүретін ақсақалмен тілдесудің реті жақында келді. 2010 жылы аспан асты елінен атамекенге қоныс аударған Тәлімбек Айсабекұлы отыз жасынан осынау асыл өнердің қыры мен сырына үңіледі. Бұл күндері жетпістің бесеуіне келген ақсақалдың құсбегілігіне күмән келтірмей көкейде жүрген сауалдарымызды қойдық.

 

 

-Бүркіт түздің құсы. Оны қолға қалай түсіресіз, мынадай қала жағдайында бабында ұстау қиындық тудырмай ма?
-Көк құсын жерде ұстаудың әрине машақаты жетерлік. Жалпы, бүркітті сан түрлі тәсілмен ұстаймыз. Ет салып тормен немесе ұядан балапан кезінен аламыз. Жеміне түсіп тояттап ұша алмай қалған сәтінде де қолға түсіреміз. Ал оны баптау өз алдына бөлек әңгіме. Қаншама қиыншылықпен қолға үйретіп, тәрбиелеген тағының ойдан шықпайтын кездері де болады. Ет береміз, көбіне далада ұстаймыз. Жылына бір рет түлеп жүндері алмасады. Еркіндікте жүрген құстар қанаттарын түгелімен тастап, ұшуға қабілетсіз болып қалуды өте қауіпті көреді. Сондықтан қыран құстар ұзын қанатын тастағанда екі жағынан шағындап тастап, ол шығып жетілгенше өзге қанатын тастамайды. Тек түлеген қанаты жаңадан шығып жетілген кезде ғана ескі қанатын тастап отырады. Ата-бабаларымыздың құсты пәлен рет түлеттім дейтіні сондықтан. Отыз екі рет түлетіп еркіне қоя беру де кездеседі құсбегілер арасында. Бүркіттің 1 жастағысы – балапан, 2 жастағысы – қантүбіт, 3 жастағы – тірнек, 4 жастағысы – тас түлек, 5 жастағысы – мұзбалақ, 6 жастағысы – көк түбіт, 7 жастағысы – қана, 8 жастағысы – жаңа, 9 жастағысы – майтүбіт, 10 жастағысы – барқын, 11 жастағысы – баршын, 12 жастағысы – шөгел деп аталады.

— Оқырмандарымыз біле жүрсін, бүркітшінің жабдығымен, құстың мүшесімен таныстырсаңыз?
-Бүркіт басына кигізілетін былғары көзқапты томаға дейді. Құсты баптап-баулу және оның бала-шаға, итке, құсқа, қызылға ұмтыла бермеуі үшін томағалайды. Бүркітші оң қолына киетін бас бармақ қабы бөлек, қалған төрт саусағы біртұтас тұйықталған (кейде 3 саусақты), жеңі шынтаққа жетіп жығылатындай қолғап биялай аталады. Үлкен қолғап тәрізді, ал білегі қыстық киімді жеңімен бірге суға салғанда қол сыярлықтай кең болады. Оны суға төзімді, әрі қалың келетін түйе, өгіздің, бұғы, тауешкінің мойын, жонның шала иленген терісінен өң бетін сыртына, жүнін ішіне қаратып қос тарамыстап тігеді. Басқа қыран құстардай емес бүркіт салмақты келеді. 4-7 келі аралығында. Сондықтан бүркітті ат үстінде алып жүргенде қол талып шаршамас үшін тіреу ететін айыр басты ағаш таяныш құралы-балдақ пайдаланылады. Оған ұзындығы 2-3 қарыс (45-55 см), жуандығы бір тұтам ағаш таңдалып алынады. Басындағы 10-12 см келген ашасының арасын 4-5 елідей жалпақ қайыспен қабаттап «тұсаулап», жұмсақ төсеніш (оны кейде кепіл деп те атайды) салады. Таутекенің мүйізінен жасаған мүйіз балдақтар да болады. Ағаштан жасалған балдақты бұрмалап, ширатып әр түрлі өрнек салып сәндейді. Түзге алып шыққан құсқа арналған жем (ет) салып жүретін жабдық — жемдорба. Бұл ішін матамен астарлап, сыртын таза, қалың киізден қусырған, бауы бар, ықшам, әрі жылы дорбаша. Су беретін бұйымды түтік дейді. Оны құмай құстың аяқ жілігінен, қуысты сүйегінен жасайды. Тағы да толып жатқан жабдықтары бар.
Ал мүшелеріне келер болсақ. Қыран құстың негізгі қаруы әрине, ол тырнағы. Бүркітте ол төртеу. Оның атаулары мынандай: артқысы – тегеуріні, ішкісі – жембасар, ортаңғысы – сығымы, шеткісі – шеңгелі. Осыдан-ақ бүркіттің жемін ұстауда әрбір саусағының қандай қызмет атқаратынын білуге болады. Қазақтың сүйсіністен, ырзалықтан тегеурінді екен деп теңеп жататыны сондықтан. Сонымен қатар бүркіттің еркегін ана тілімізде – «шәулі» деп атаса, ал ұрғашысын – «ұябасар» деп атайды. Бүркіттің шәулісіне қарағанда, ұябасардың дене тұрқы ірі болып келеді.
Бүркіттің екі қанат қауырсындарын жайған кездегі ұзындығы 1,5-2 метр-ден асады. Қанаттарының шеткі 12 ірі қауырсыны – «шалғы қауырсындар» деп, қанаттарының ортасына бекіген қауырсындары – «аралық қауырсындар», ал денесіне жақын орналасқан ішкі қанат қауырсындары – «ірге қауырсындар» деп аталады. Бүркіттің құйрық қауырсындары да ірі, ондағы қауырсындардың саны көбіне 12 болып келеді. «12 құйрық, 5 шалғы» деген сөз тіркестері қауырсындарының санына сәйкес айтылған. Желке жүнін шудасы атайды. Бүркіт аузына салған асын жемсауына түскен соң басын ары-бері бұлғап бірден қарнына түсіреді. «Ақ иық, мұз балақ» деген теңеу де алғашында қыранға қарата айтылғаны сөзсіз. Қыстың бет қаратпас шыңылтыр аязында көкті тіліп ұшқан қыранның қанат иығына ақ қырау тұрып, балақ жүніне мұз қатқан. Міне, сондықтан асылдың асылына арнап «Ақ иық, мұз балақпын жерге түспес, Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес» деген екен дана халқымыз. Қырық жылғы тәжірибемде байқағаным бүркіттер ешқашан бір-біріне ұқсамайды. Пішіні, түрі, салмағы дегендей. Мысалы, қарға, сауысқан атаулы бір-бірінен аумайды ғой.

— Ұлттық құндылықтарымыздың бірі осы-құсбегілік, саятшылық. Қазіргі таңда бүркіт көрсек таңдана, тамсана қарайтын күйге жеттік. Айтпағым құсыңызды ертеңгі ел болашағы — жас буынды тәрбиелеуге неге пайдаланбасқа!? Өзіміздегі мектеп, коллеждерге арнайы апарып, көрсетіп дегендей?
-Жөн сөз. Ондай тәрбиелік дүниелер ұлттық тамырымыздан ажырамауға көп септесер еді. Абай атындағы білім шаңырағы ұстаздарының шақыруымен аталмыш мектепте болғаным бар. Балалар құсымды асқан қызығушылықпен қабылдап сұрақтарын қойғаны есімде. Бар білетінімді ортаға салып бала санасын баба салтымен сусындатқаныма қош көңілмен қайтқанмын сол жолы. Әлі де осы тектес шақырулар болса мен қашпаймын. Көшпелі халқымыздың таным-түсінігінде қыран бүркіт – батырлықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің символы. Егемен еліміздің Туында бүркіт азаттықтың айбыны ретінде айшықталған. Сондықтан осындай асыл қасиеттерді бір бойына біріктірген бүркітті тәрбие тетігі етсек жас ұрпаққа үйретеріміз көп болмақ. Тағы бір айтарым дана халқымыз жеті қазынаға балаған дүниелер ер жігіттің үйінде болуы керек. Ол шаңыраққа қырсық жоламайды, береке-бірлік ұялайды. Сондықтан осы дүниелердің қадіріне жете біліп, келер ұрпаққа аманаттай жүргеніміз жөн.
Қыран құстар сынға түсетін сайыстар туралы сұрағанымызда құсбегі соңғы Арқа өңірінде өткен сайысқа қаржының жоқтығынан қатыса алмағандығын қынжыла жеткізді. Ара-тұра өтетін жарыстарға демеушілер табылса ата өнердің өрісін кеңейте беремін дейді.

Тәлімбек ақсақалдың «Аюқара» атты бүркітін қолға қондырып та көрдік. Анда-санда қайратты құс дүр сілкінгенде зор сілкініс ұстаған жанның бойына беріліп ғаламат күй кешеді екенсің. Саятшылық құстардың ішіндегі ең ірісі — бүркіттің қарсы алдындағы затқа тура қарамай, көбінесе, басын арқасына қайырып тастап шалқая қарайтын жарқ-жұрқ еткен отты, өткір көзі, мойнын төңкеріп, қырындаған бекзат болмысы, қуатты қанаты, болат тұяғы көрген жанның таңданысын тудырмай қоймайды. Әр нәрсенің парқын білген дана халқымыздың бүркітті ерекше дәріптеп, «Құс патшасы – бүркіт, аң патшасы – арыстан», «Көк аспанның әміршісі», «Құс төресі бүркіт», «Аспан перісі», «Қанаттылар тәңірі», «Дала сермендесі», «Қандыкөз», «Болат тұмсық» деп өте жоғары бағалап оған үнемі құрметпен қараған. Жалпы, қазақ халқы бүркітті киелі құс санаған. «Бүркіт бір сілкінсе мың пәле кетеді» деп есептейді және бүркіттің бір қауырсынын үзіп алып қасиетті зат санап биікке іліп қойған. Тарихи деректерге қарағанда бүркітті адамзаттың қолға үйретіп, аңшылыққа пайдаланғанына 3 мың жыл болыпты. Италиян жихангері Марко Полоның естелігінде, Құбылай ханның саятшылыққа пайдаланған 500 бүркіті және басқа да құстарының болғандығы жазылады. Мыңжылдықтар тұлғасы-Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітшісі болғандығы туралы дерек сақталған. Орта Азия хандарының да бүркіт ұстап, құсбегілердің қызметін пайдаланғандығын баршамыз білеміз. Қазақ халқы құсбегілікке: бүркіт, қаршыға, лашын, сұңқар, тұйғын, тұрымтайды пайдаланған. Қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шора туралы «Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» деген сөз халық арасында кең тараған.

Қазағымның қолына қонған осы қасиеттінің көкшулан туымыздан орын алуы бүркіттің ұлтымызбен рухани байланысын бекемдеп тұрғандай көрінеді маған.

Тәлімбек ақсақал құсбегілік сынға түсетін талай байқауларға қатысыпты. Адамнан өз-өзін үнемі жетілдіріп отыруды, ширақ болуды талап ететін осындай сайыстарда мыналар сарапқа салынады.
Байқау ережесіне сай әрбір оң әрекет үшін он ұпай беріледі екен: Аңшылық киімнің толық болуы; Құсты ұшырып жіберіп жерге қондырмай кері шақыру; 500 метр жерден шақыру; Шырға тарту, 500-700 метр қашықтықтан аң терісін жіпке тағып атпен сүйреп түсіру; Тірі қоянға, түлкіге, қасқырға салу, әрқайсысына жекелей балл беріледі.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: