Қырдағы қызу тірлік

Сарқан  ауданындағы өңірлік өнімнің негізгі бөлігі ауыл шаруашылығының еншісінде. Аудан бойынша  98126 гектар алқаптың тамырына биыл қан жүгірмекші. Жылдағыдай дәнді дақылдардың үлес салмағы мол болмақ, атап айтқанда   50680 гектар алқапқа дәнді дақылдар себіледі.  Оның  ішінде күздік бидай,  жаздық бидай, күздік арпа, жаздық арпа, сұлы, тары, жүгері, қарақұмық және  майлы  дақылдар қара жердің қайтарымын еселеуді мақсат тұтқан шаруалардың алты ай жаз бойы бел жазбай атқарған жұмыстарының нәтижесінде ел ырыздығына үлес болып қосылары айқын.

-Тәтті түбір өндіру көлемі ауданда жылдан-жылға ұлғайып келеді. 2850 гектар алқапқа биыл  қант қызылшасын себу  жоспарланды, — дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.- Себілетін қант қызылшасының тұқымы «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 12-14 сәуір аралығында аудан бойынша шаруа қожалықтарына таратылып берілмекші.

Сүдігер жыртылып, алқапқа түрен түсіп,  көктемгі  егіс жұмыстары  сәуірдің алғашқы күнінен бастап қарқын алды. Шаруа қожалықтары үшін жеңілдетілген жанар-жағармайға «Қарамай Продактс» ЖШС — не  өтінім берілген.  Ауыл шаруашылығы техникалары дайындық сапына қойылды.

 -Біз де көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникаларды ерте бастан қамдап алғанбыз,-дейді «Аманжол» шаруа қожалығының басшысы Гүлбану Молгаждарова.-Биыл көктем ерте шықты. Иелігіміздегі алқапты жыртып, алдағы өнімнің негізі қаланбақшы. Қызылша өндіруді жалғастырып, егістік көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Жер – ана төккен терді ескереді. Қырдағы бүгінгі қызу тірліктің өтеуі –күзгі жиын – терімдегі мол өнім.

Ж. МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: