Өңірімізде кезекті бір өндіріс ошағы ашылса балаша қуанатынымыз бар. Тағы бір кәсіпкер қатарға қосылып, қоластында қаншама жан екі қолға бір күрек тапты деп шаттанамыз. Аймағымыздың әлеуеті осындай істермен артып, экономикасы нығая түсетіндігі баршамызға белгілі. Ауданымызда өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қатары жыл санап көбейіп келеді. Қуанарлық жағдай. Заман талабын ұғынған сондай жанұяның бірі – аудан орталығындағы Қабай Бабайқарының отбасы.
Бабайқары есімді бұл кісіні өңірімізде білмейтіндер кемде кем. Велосипедімен орталықтағы мекеме-ұжымдарды аралап, исі өзгеше бұрқыраған самса, табан нанды тапсырыспен жеткізіп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген жан. Жұмысы тығыз жандар уақытын үнемдесе кәсіпкер өз ырзығын адалдықпен табуда. 2003 жылы Қытай мемлекетінен атамекенге алғашқылардың қатарында қоныс аударған ағамыз ол жақта да қоғамдық тамақтану саласында қызмет жасапты.
– Құлжа қаласында мейрамханаларда еңбек еткендіктен Сарқанға көшіп келгенде оң жамбасыма келетін осынау кәсіпті ары қарай жалғастыруға бел будым. Қай істің бастамасында қиындықтар болады. Мен алғашында тұшпара түйіп, шашлық, қытырлақ бауырсақ пісіріп саттым. Қоғамдық орындарды аралап, тұтынушыларға өнімдерімді ұсындым. Қаржы тауып, кәсібімді кеңейту мақсатында қолымның икемі бар түрлі құрылыс жұмыстарынан да қашпадым. Қазандықтар салып, кірпіш қалап, кафель жапсырып өз нәсібімді адал еңбекпен таптым. Келе келе нан пісіруге икемделдім,-дейді ол.
Алғашында өзі салған көп қол күшін қажет ететін тандыр пешке нан пісірген кейіпкеріміз көлемді заманауи тоқ пеш алмаққа ниеттенеді. Оған қомақты қаражат қажет екендігі белгілі. Осылайша ағамыз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, үкіметтің қайтарымсыз грантына ие болады. Аталмыш қаржыға нан пісіретін көлемді пеш, қамыр илейтін жабдық сатып алады. Өзі жинаған ақшаға келген төрт дана духовка самса пісіруге көмекші. Қоластында жұмыс істейтін 5 адамның ақысын еңбегіне қарай күнделікті төлеп отырады. Қосымша тегін нан да береді. Күніне 500-600 тандыр нан пісіретін ағамыз кейбір жандардың жұмыссыздықты сылтаурататындығын түсінбейтіндігін айтады.
-Несібемді адал еңбектен табамын деген адамға қазір мүмкіндік мол. Тек ерінбе, еңбек қыл. Осы аудан орталығында ғана қаншама үйге тапсырыспен қазандықтар салдым, кәуәп пісіретін мангалдар қаладым, қасапшылықпен де айналыстым. Сурет салатын да өнерім бар. Келешекте үлкен наубайхана салсам,- дейді ағамыз жоспарларымен бөлісіп. – Үйдің тарлығы, нан тарататын көліктің жоқтығы кәсіпті кеңейтуге қолбайлау болып тұр. Үкіметіміз түрлі жеңілдіктермен төмен пайызды қаржы берсе біз сияқты жандарға үлкен қолдау болар еді.
Өзі жаңалап алған үйінің алдында кішігірім асханада да жасақтады. Мұнда келушілерге ыстық самса, суық көже ұсынылады. Тіпті иленген дайын қамыр да сатылады екен. Жалпы, қамыр илей алу — аспаздық қасиеттің асқақтығының белгісі болып саналады. Өйткені пісірген нан өнімдерінің сапасы мен дәмі тікелей иленген қамырға байланысты екендігін кез келген жан біледі. — Қамыр илеп үйрену үшін тәжірибе мен уақыт қажет, оған қоса осы өнердегі құпияларды да білу керек, әрі өзіндік тәсілдерім де бар, -дейді кәсіпкер күліп.
Жақсы көтеріліп, ұзақ сақталуына орай ағамыздан қамырға не қосасың деп сұраушылар бар көрінеді.
«Еңбек түбі — береке» деген аталы сөзді ұстанған кәсіпкер ұрпағына да осы ұғымды ұлағаттаудан жалыққан емес. Өмірлік қосағы Бәрән екеуі тәрбиелеп өсірген үш баласы да «еңбектің наны тәтті» екендігін жақсы біледі. Еңбекпен есейген ұлдары Байсерке мен Байтұрсын әкесіне қолғанат болса, өз алдына шаңырақ құрған қызы Ақерке өрісін кеңейтіп отыр. Жалпы, адамзат пайда болғалы қай қоғамда да еңбек адамының мәртебесі биік, мерейін асқақ. Ырысын еңбекпен еселеген мұндай қарапайым еңбек адамдары қашанда қоғамымыздың мақтанышы. Кез келген адамды тәрбиелеп, жігерлендіретін, күш беріп, қуантатын, бақытты етіп, болашаққа батыл қарататын, ширатып, шынықтыратын – еңбектің ырғағын айрықша сезіндік ағамыздың үйінен.
Қаншама өркениет биігіне көтерілдік дегенмен, балалықтың бал дәмі, балауса исі бұрқыраған тандыр нанды іздейтіндер көп. Қабай Бабайқары ағамыздың осындай ерекше тандыр нанын тұтынушылар оның үйінің алдынан үзілген емес. Азаматты өсіретін — елдің тілегі, халықтың батасы екендігі белгілі. Ісі алтын, жүзі жарқын қандасымыздың жұмысына сәттілік тілеп, кәсібінің керегесі кеңейе беруіне тілектестігімізді білдірдік!
П.Жеңісхан.