Бойды сергіткен таңғы саф ауа, көз қарықтырған күміс қар, күлімдеген күн, көңілді әуен, ашық-жарқын дауыстар. Мұның барлығы өткен сенбі күнгі «Денсаулық фестивалі» арнайы шарасына тән көріністер. Туған жерді түлетуге ұмтылған азаматтардың бастамасымен былтыр іске қосылған «Теректі» тау шаңғы курорты бүгінгі таңда тұрғындардың сүйікті орнына айналып үлгерген. Көңілді уақыт өткіземін деушілерге аталмыш демалыс аймағы сапалы қызмет көрсететіндігін мұнда келушілер бұл күні айқын аңғарды.
«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» атауымен өткен шараны аудан әкімі Марат Разбеков құттықтау сөзімен ашып, салауаттылықты серік еткен сарқандықтардың қатары жыл санап артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Өңірдің географиялық ерекшеліктері туризм саласының қарқынды дамуына оң серпін бергендігін атап өткен аудан басшысы саялы өңірге сапар шегушілердің саны алда еселеп арта беретіндігіне сенім білдірді.
Шара барысында музыкалық байқау, әр түрлі тағамдар дайындаудан байқау ұйымдастырылды. Сонымен қатар гір тасын көтеру, қол күрес, шаңғы жарыстары сынды спорттық ойындар жиылған қауымға айрықша әсер, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Білек күшін байқасқандар арасында сарқандық Ербаев Керімбекке тең келер жан табылмаса, арқан тартысуда Н.Островский атындағы мектеп-лицей ұжымы өздерінің табандылықтарын дәлелдеп, жүлделі І орынды жеңіп алды. Гір тасын көтеруде Жұмаділов Бақытжан есімді азамат 24 келілік гір тастарын 44 рет әуелетіп, тұғыр биігінен көрінді. Жанды дауыста ән шырқағандар музыкалық байқауда бақ сынасып, нәтижесінде Абай атындағы мектеп-гимназия атынан сынға түскендер жүлделі болды. Ал әр түрлі тағамдардан ұйымдастырылған конкурста аудандық орталық аурухана ұжымының бай дастарханы үздік деп танылды.
Өз тілшіміз.