«ЫзҒар» романының кейіпкері

Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың «Ызғар» романы Ұлы Отан соғысы кезіндегі халқымыздың қаһармандық ерлігіне арналғандығы белгілі. Тыл өмірінің майданға пара-пар қиындықтарын, сол қиындықтарын қайыспай жеңіп шыққан ел ерлігін көркем сөзбен кестелеген «Ызғардың» бір ерекшелігі кейіпкерлерінің өмірден алынғандығы. Қазіргі Бақалы ауылының тұрғындарының көпшілігі осы романда аталарының, аналарының аты-жөні аталып, болмыс-бітімі тұлғаланғанын мақтан тұтады.

Талапты жанға тұрады болашақ күліп,

Жүрмедің тұлпар-шабытты дара

шаптырып.

Көтердің талмай, жан аға

жүгін ғасырдың,

«Ызғарға» әкеп қондырдың

сызын ғасырдың,

Ұл-қыздарыңда Сіздегі парасаттылық,-деп кезінде жырға қосуымызға туған жерінің тынысын өмірдегідей қағазға түсірген қоғам қайраткерінің қаламгерлік қасиеті арқау болғаны анық.

Сол бір қиын-қыстау жылдары он жастан жаңа асқан автор көзімен көріп, көңіліне түйген алмағайып кезеңді шығарманың басты кейіпкері Нәшен қарттың әңгімесі арқылы қағазға түсіреді. Соғыс қарсаңында Бақалы ауылынан 17 жігітке бір күнде әскерге шақыру қағазы келеді. Әскерге кететіндердің арасында Күлжәмила кемпірдің жалғызы Дәнекер де бар. Шешесінің «Сенің артыңда аңырап қалдым ғой» деп дауыс салғанына намыстанса да анасын аяйды ол. Күлжәмила шешейдің көпшіліктің тоқтамымен шығарып салу дастарханын әзірлеуге кіріскенін жазушы көркемдіктің кестесімен бейнелейді.

Жазушы шығармасының бастауын осындай шиыршық атқан сезім күйімен әрлеп алып, колхоз председателі Ахметқожаның адамгершілігін көрсететін штрихтарды молынан пайдаланады. Мысалы шаруашылық басшысының жігіттерді шығарып салуға парлап ат жегілген үш арба дайындатуы, алдыңғы арбаға есік пен төрдей қоңыр айғырды, екінші арбаға қызыл айғырды жектіруі әскерге аттанып бара жатқан жігіттердің көңілдерін көтерудің амалы еді. Сондай-ақ  арттарына алаңдамай кетсін деп колхоз олардың отбасына керектіні артығымен босатады. Фермадан бір – бір қой береді. Осының өзі колхоз басшысының кісілігінің айғағы.

Елмен бірге жігіттерді шығарып салуға колхоз басшысының өзі де келіп, қойған астан ауыз тигеннен кейін, болашақ жауынгерлерді жолға шығуға шақырады.

-Жігіттерді кешіктіріп алмайық. Военком деген кінәмшіл келеді. Арба жегулі дайын тұр. Уақыт біраз болып қалды. Енді жөнелтейік азаматтарды,- деп орнынан тұрған Ахметқожа алдыңғы ат айдаушыға көпшіліктің ілесе беруін қаламай атты қаттырақ айдатады да өз бастап ауылдың атқамінерлерімен бірге біраз жерге шығарып салады. Аттан түсіп жігіттердің бәрінің беттерінен сүйіп «Аман барып, сау қайтыңдар» деген ізгі тілегін айтады.

Кітаптың алпыс екінші бетінде көп ұзамай елдің үрейін алып басталған соғыстың лаңын жоюға аттанған азаматтардың қатарында Ахметқожаның да майданға сапар шеккендігі атап көрсетілген.

Бізді, қалың оқырмандар сияқты «Ызғардағы» кейіпкерлердің кейінгі өмірі, олардың ұрпақтары жайында әңгіме қызықтыратыны анық. Ахметқожа Мұсабаланов 1905 жылы дүниеге келген. Алты жасында жетім қалып, өмірдің талай ауыртпалықтарын басынан өткерген ол еті тірлігінің арқасында алты кластық білім алған. Ол өзі туып-өскен Қызылқайыңда басқарма болып, ашаршылық жылдары Қарасудағы жетім балалар үйі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болыпты. Екпінді ауылында басқарма болып жүрген жерінен соғыс қарсаңында ұйымдастырушылық қабілеті ескерілген ол Бақалы шаруашылығының басшылығына келеді. «Ызғар» кітабындағы Ахметқожаның образын сомдаған Кәкімжан Қазыбаев кейіпкердің тағдыр талқысына түскен кейінгі өмірін де білетін болуы керек.

Басқарма болғандықтан броньмен майданға барудан босатылса да қалың елдің басына түскен нәубетті сейілту үшін соғысқа аттанғанда әйелі Бибіғайша үшінші балаға жүкті болыпты. Ол соғысқа аттанғанда тұңғышы Мәметай 10 жаста, Биахмет 6 жаста екен. Күйеуі соғысқа атанысымен дүниеге келген қызына Күләш деген есім берген Бибіғайша ана ер-азамат атқарар ауыр жұмыстарға жегіліп жүріп, халық басына түскен ауыртпалықты елмен бірге бөлісіпті. Қиыншылықта ел арасында болайық деп бала-шағасын алып Қызылқайың-Діңгекке келіп орын тепкен ол 1946 жылдың қоңыр күзінде қазан айының 10-ында майдангер ері Ахметқожамен аман-есен қауышады. Өмір біртіндеп қалпына келіп, 1948 жылы Еңлік есімді төртінші баласы өмір есігін ашады.

Тағдырдың бұл отбасына дайындаған сый-сияпаты мұнымен бітпепті. Соғыста жүргенде жау қолына тұтқынға түскені қайта жаңғыртылып, 1950 жылы халық жауы атанып 25 жылға сотталады. Алайда бақытына орай 3 жылдан соң Сталиннің қайтыс болуына байланысты амнистиямен босаған тағдырластарымен бірге ауылға қайтады да еңбекке араласады. 1956 жылы Сәбит, 1958 жылы Ғабит өмірге келіп отбасы құрамы нығая түседі. Дегенмен соғыстағы тұтқында болған жылдар, соғыстан соң түрмеде отырған кезең өз ізін қалдырса керек, 1961 жылы «Ызғардың» кейіпкерінің тірлік сапары шектеліпті.

– Әкем саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң негізінде ақталды, -дейді Ахметқожаның кенжесі Ғабит Мұсабаланов. -Көңілге демеуі әкеміздің аты өшкен жоқ. Соңында қалған алты баладан немере, шөбере, шөпшек өрбіп отыр.

Бұл мақаланы жазуымызға себепкер болған Ғабит Мұсабаланов бүгінгі таңда Ақсу ауданының қоғамдық кеңесін басқарады.  Талдықорған индустриалдық-педагогикалық техникумын бітіріп, №135 кәсіптік техникалық училишенің өндірістік оқыту шебері болып жұмысқа орналасқан ол сол оқу орны директорының орынбасары, Ақсу қант зауыты директорының орынбасары, «ДОСААФ» бірлестігінің басшысы баспалдақтарынан өте жүріп аудандық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болып сайланды.  Білім беру ісінің үздігі, ұйымдастырушылық қабілеті зор Ғабит Ахметқожаұлын айналасы құрмет тұтады.

«Ғалымның хаты қалады, жақсының аты қалады» дейді халық даналығы. Түтіні де ыстық туған жерін басты шығармасына арқау еткен Кәкімжан аға кейіпкерлерімен келешекте де жүздесіп жатарымыз анық.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: