Өз таңдауларын жасады

Шілденің 25-інде туған ауылының болашағына бей-жай қарамайтын Аманбөктер, Екіаша, Бақалы ауылдық округтерінің тұрғындары өздерінің сайлау учаскелеріне барып, бұған дейін сайлауалды бағдарламаларымен танысқан үміткерлердің арасынан өз таңдауларын жасады.

Бұл күні Сарқан ауданындағы аталған  үш ауылдық округте, алты елді мекенде ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, 3 мыңға жуық сайлаушылар елдің ертеңі үшін дауыс берді. Саяси додаға  жастары 25 пен 50 жас аралығындағы 9 кандидат қатысқан болатын. Сайлаушылар ауылдық округтің өзекті мәселелерін шешуге қабілеті бар, күрмеуі көп мәселелері жетіп артылатын елді мекеннің тынысын жетік білетін үміткерлерді саралап, түске дейін-ақ өз белсенділіктерін танытты.

Біз ат басын бұрған Екіаша ауылындағы мәдениет үйінде орналасқан №794 учаскелік сайлау комиссиясы қарбалас жұмыс үстінде екен. Сайлаушылар қатары түске дейінгідей емес сиреңкіреп қалыпты. Келушілерге комиссия мүшелері қызмет көрсетіп, тізімнен аты-жөнін тез арада тауып, сайлау бюллетенін ұсынып, дауыс беретін орынға бағыттап, үміткерлерді алаңсыз таңдауына мүмкіндік беруде.

— Біздің учаскеге 1373 адам тіркелген. Белсенділік өте жоғары болды. Себебі алғашқы рет ауыл әкімін өздері таңдауына жол ашылды. Таңдау жасауға мүмкіндік бергені үшін тұрғындардың Мемлекет басшысының ұстанымына ризашылығы шексіз,- дейді комиссия төрағасы Светлана Исаханова. – Сайлаудың өту барысын қоғамдық ұйымдардан бақылаушылар қадағалап, ретті де жүйелі жұмысымызға қанағаттанарлық баға берді.   

Алғашқылардың сапында сайлау учаскесіне өмірлік тәжірибесі мол егде жастағылар, мұндай саяси науқанға тұңғыш рет қатысқан жастардың келуі заңдылық.

 — Менің тұңғыш рет сайлауға қатысуым. Сондықтан  мен үшін бұл сайлау орны ерекше. Біз дауыс беріп, жеңіске жеткен жаңа ауыл әкімі ел сенімін ақтап, ауылымызды одан әрі дамытып, халқының қамын жейтін басшы болса онда, менің сайлауда жасаған дұрыс таңдауым деп білемін. Бүгінігі сайлау мен үшін тарихи күн, — дейді жас сайлаушы Перизат Төлеген.

Сайлау қорытындысы бойынша Бақалы ауылдық округінен Қанапиянов Әсет Таңатарұлының, Аманбөктер ауылдық округінен Нұрханова Шырынгүл Батайқызының, Екіаша ауылдық округінен Дүйсембеков Дәулет Әділжан-ұлының жұлдызы жанды. Көпшіліктің қалауы бойынша ауылдық округ тізгінін қолға алған әкімдердің жұмысы жүйелі болып, ісі ілгері басарына сенімдіміз.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: