Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің Сарқан ауданы бойынша мемлекеттік сатып алуды жүргізген камералдық бақылаудағы қызметінің қорытындысын жариялайды.
Департамент «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуды тұрақты негізде камералдық бақылауды жүзеге асырады.
Камералдық бақылаудың мақсаты бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және жол бермеу, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын мемлекеттік аудит объектісіне беру және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды өзі жойған жағдайда лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Ағымдағы жылдың 8 айында Жетісу облысы Сарқан ауданының бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жүргізген 29 млрд. теңгеден астам сомаға 700-ден астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды.
Камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік мекемелерге 1,3 млрд. теңгеден астам камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 169 хабарламалар жолданып, сол арқылы 40-тан астам лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершіліктен босатылды.
Жиі жіберілетін бұзушылықтар сатып алуға қатысушыларға шектен тыс талаптар қою, қатысушыларды заңсыз қатыстырмау, келісім-шарт бойынша міндеттемелерді орындаудың мүмкін емес мерзімдерін белгілеу, сондай-ақ біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді лоттарға бөлмеу болып табылады.
Заң бұзушылықтар құрылыс, білім беру және жолдарды жөндеу салаларында көп орын алады.
Бүгінгі күні барлық хабарламалар орындалған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылып жүргізілуде.