Заңды білу – заман талабы


Жуырда Алмалы ауылдық округі әкімдігі ғимаратында ауыл тұрғындары, әкімдік қызметкерлерінің басын қосқан жиын өтті. Басқосуды ашқан нотариус Абзалхан Тұрысбекова ауыл тұрғындарына нотариаттыққа байланысты түсініктеме беру үшін арнайы Жетісу облысының нотариаттық палатасының төрағасы Арман Бекішбаев, жергілікті нотариустер Алмас Ерболаев, Әсем Алиева келіп отырғанын жеткізіп, сөз кезегін облыс орталығынан келген мейманға берді.
Басқосу барысында сөз алған Арман Сейітжапарұлы ҚР Әділет министрлігінің халықтың құқықтық білімін көтеру бастамасы аясында жергілікті тұрғындармен кездесудің мақсатын ортаға салды. Азаматтардың құқықтық таным-түсінігін кеңейту, құқығын қорғауға ықпал ету бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігін айтты. Азаматтардың құқықтық білімдерін көтеру, нотариустар қызметінің маңыздылығы, олардың қандай негізгі құжаттарға сүйенетіндігі әңгімеге арқау болды.
Бүгінде еліміз құқықтық қоғам құруға талпынып жатыр. Соған байланысты ел азаматтарының заңгерлік қызметке деген сұранысы ұлғайып келеді. Ал, осы тұрғыда, яғни халыққа білікті заңгерлік көмек көрсетуде нотариалдық кеңселердің атқаратын рөлі өте зор. Өйткені, кез келген құжатының заңды екенін куәландырғысы келген адам ең бірінші нотариустар қызметіне жүгінеді. Түрлі мәмілелердің шарттарына құқықтық сараптама жасау, тараптарға кеңес беру, іс жағдайын түсіндіру, жасалатын келісімдердің құқықтық зардаптарынан хабардар ету, олардың әрекеттерін заңнамалық актілерге сәйкес келетінін тексеру сияқты жұмыстардың барлығы – нотариустардың міндеттері. Осыған қарап-ақ, нотариустардың қоғамдағы орнын бағамдай беруге болады.
Мұрагерлікке арнайы тоқталған облыстың бас нотариусы мұрагерлік қабылдаудың 2 түріне кеңінен тоқталып, түрлі жағдайларда азамат не жасау керектігін де еске салды. Әрбір азамат өзінің заңды құқығын біліп қорғай алуы керек-деп мәлімдеді.
Жиын барысында Арман Бекішбаев жиналған көпшіліктің көтеріліп отырған тақырыпқа орай өздерін толғантқан сауалдарына тұшымды жауаптарын беріп, ақыл-кеңестерін де айтты.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.

Мәліметпен бөлісу: