
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне ерекше тоқталып, заң үстемдігін нығайтудың маңызын атап өтті.
«Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуы қажет. Бұл – ең алдымен ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным», – деді Президент.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының осы бағыттағы жұмысын қолдаудың маңызын атап өтті. Сонда ғана қоғамда құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана қалыптасып, жат қылықтарға төзбеушілік орнығатынын айтты.
Президент қазіргі тұрмыстық қатынастардағы мәдениет тапшылығына назар аударды:
«Адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-бірімен ерегісу, қоғамдық орындарда айқай-шу шығару жиі кездеседі. Өкінішке қарай, мұндай көріністердің ішінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға лайықсыз қылық, еліміздің халықаралық беделіне нұқсан келтіретін құбылыс», – деді Тоқаев.
Президент ұлт ретінде алға ұмтылу үшін мұндай жағымсыз әдеттен арылу керегін айтып, Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиетін еске салды.
Мемлекет басшысы мәдениет пен әдеп әр отбасыдан басталуы керектігін, елдің егемендігі мен жер тұтастығын сақтау үшін бірлік пен татулық басты құндылық болуы қажет екенін жеткізді.
«Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты еңсереміз. Кез келген кедергіден өтеміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын», – деді ол.
«Жетісу-Ақпарат»