ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДӘСТҮРЛІ ДІННІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Қазақстан Республикасы — зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет. Бұл қағида 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда нақты көрініс тапқан. Зайырлы мемлекет ұғымы көбінесе діннен алшақ, тіпті дінге қарсы құрылым ретінде қате түсініліп жатады. Алайда шын мәнінде, зайырлылық — мемлекет пен діннің өзара шекарасын айқындап, олардың бір-бірінің ісіне араласпауын қамтамасыз ететін құқықтық және мәдени жүйе.

Зайырлы мемлекет — діни сенім еркіндігін, ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін құрылым. Ол қандай да бір дінді міндетті не басым деп танымайды, сонымен бірге дінге қарсы шықпайды. Мұндай жүйе көпконфессиялы қоғамда тұрақтылық пен келісімнің кепілі бола алады. Зайырлылық қағидаты жастардың зайырлы білім алуына, ғылым мен мәдениет салаларында еркін дамуына жағдай жасайды. Университеттер мен ғылыми орталарда зайырлылықтың сақталуы — академиялық еркіндік пен сын тұрғысынан ойлау мәдениетінің дамуына септігін тигізеді.

Қазақстанда ислам мен православие діні тарихи және мәдени тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі діндер ретінде танылады. Әсіресе, ислам діні қазақ халқының дүниетанымына, тұрмыс-салты мен моральдық-этикалық құндылықтарына терең сіңген. Дәстүрлі ислам — толеранттылықты, бейбіт өмір сүруді, білім мен парасаттылықты насихаттайды. Абай, Шәкәрім, әл-Фараби сияқты ойшылдарымыз діни сенімді рухани кемелдену мен адамгершілікті жетілдірудің жолы ретінде қарастырған. Сондықтан зайырлы мемлекет жағдайында дәстүрлі дін — азаматтардың рухани-мәдени дамуына, ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал ететін маңызды фактор болып қала береді. Қоғамда зайырлы жүйе мен діни сана арасында бәсекелестік емес, өзара толықтырушылық қатынас бар. Мемлекет дінді реттеуші емес, оның қызмет ету шеңберін заңдық негізде айқындайтын бейтарап құрылым ретінде әрекет етеді. Ал діни институттар мемлекетпен бәсекеге түспестен, рухани-мәдени контексте жұмыс жүргізу арқылы қоғамдық келісім мен тұрақтылыққа үлес қосуда. Бұл өзара қатынас – «қоғамдық келісім мен рухани қауіпсіздік» тандемі негізінде өрбитін тұтас жүйенің ажырамас элементі. Діни бірегейліктің шектен тыс саясилануы немесе зайырлылықтың діннен толық оқшаулануы – конфессиялық тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Сол себепті, тепе-теңдік сақталуы – дін мен мемлекеттің әрқайсысының институционалдық мәртебесін танумен қатар, олардың қоғамдағы орны мен шекарасын нақты түсінуді талап етеді.

Зайырлы мемлекет пен дәстүрлі дін — бір-бірін толықтыратын құндылықтар жүйесі. Олар қоғамның дамуы мен тұрақтылығы үшін өзара теңгерімді түрде қызмет етуі тиіс. Қазақстан жағдайында бұл үйлесім — елдің бірлігі мен рухани жаңғыруының кепілі. Сондықтан да зайырлылық қағидаларын сақтай отырып, дәстүрлі дінді қолдау — ұлттың болашағына бағытталған маңызды қадам.

«Жетісу облысының дін істері басқармасы» ММ

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы» КММ

АТЖ және БАҚ-пен байланыс бөлімінің маман-теологы

Ерболғанова Сәуле Қанатқызы

Мәліметпен бөлісу: