Сарқан ауданындағы дәнді дақылдарды өңдейтін «Sairanbek Agro» ЖШС өңір экономикасын дамытуға үлкен үлес қосуда. Біз келгенде астық сақтайтын қоймасы бар, жылына 55000 тонна өнім шығаратын өндіріс орнында жұмыс қызу жүріп жатты. Барлық өнім астық сақтайтын қоймаға жиналған.
Кәсіпорын директорының орынбасары Олжас Рахымжанов өңделген дәнді дақылдардың Текелі қаласындағы «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты» АҚ-на жөнелтілетінін айта келе:
– Биыл жақсы өнім жинадық. 800 гектар алқаптан алынған мың тонна арпа және 800 тонна бидай қоймаға түсті. Бидай ұн зауыттарына жеткізіледі. Кәсіпорында сағатына 100 тонна астық тазалайтын кешен салынды. Қырман операторлары, механизаторлар, комбайншылардан құрылған он адам жұмыс істейді. Өңделген дақылдар бірден тапсырыс берушілерге жіберіледі, – деді.
Өндіріс ауласында орналасқан, сыйымдылығы 3,5 мың тоннаны құрайтын жаңадан салынған астық сақтайтын қойманың ішіне ендік. Мұнда арпа сақталған. Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы техникасына арналған гараж бар. Онда «Claas tucano 440» маркалы екі комбайн, «Claas AXION 950» маркалы тракторы, астық себуге арналған техника, культиватор, бүріккіштер тұр. Жұмысшыларға арналған жылжымалы асхана, монша қызмет етеді.
– Мен мұнда 2013 жылдан бастап қызмет етемін. Біздің кәсіпорында барлығы автоматтандырылған. Менің міндетім– жабдықты бақылап, бұзылуына жол бермеу. Ақаулар пайда болған жағдайда жылдам ретке келтіріп, жұмыс қарқынын тоқтатпауға барымды саламын. Алатын жалақымыз жоғары, атқарған қызметімізге қарай сыйақы да беріледі, – дейді астық тазалау кешенінің операторы Станислав Жидких.
2012 жылы ашылған «Sairanbek Agro» ЖШС кейінгі уақытта егіс алқаптарын кеңейтуді, жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр. Келесі жылдан бастап тамшылатып суару әдісін іске қосып, өңделген дәнді дақылдарды басқа да зауыттарға өткізбекші.
М. ДАНИЯРҰЛЫ.