Жуырда Nur Otan партиясы аудандық филиалының ғимаратында үздік бастауыш партия ұйымын анықтаған аудандық байқау болып өтті. Шара бастауында Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аслан Күбентаев кіріспе сөз сөйлеп, аталмыш сайыстың партия беделін арттырудағы, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырудағы маңызы айрықша екендігін атап өтті.
Байқау барысында 11 ауылдық округтен келген талапкерлердің партиялық жобаларды іске асыруға қатысуы, ішкі жұмыстары, ұйым қызметінде жаңа әдістерді пайдалануы, азаматтық бастамаларға ат салысуы, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы, жастармен жұмысы сияқты негізгі көрсеткіштерге баса назар аударылды. Сайыс барысында бастауыш партия ұйымдарының ауылдық жерлердегі сан түрлі әлеуметтік мәселелерді шешіп қана қоймай, қоғамдық өмірді жандандырып, қарапайым тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік арасына дәнекер бола алатындығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен мынадай орындар белгілі болды. 500-ге дейінгі мүшесі бар бастауыш партия ұйымдары арасында І орынды Лепсі, ІІ орынды Қойлық және ІІІ орынды Алмалы ауылдық округтері иеленсе, 100-ге дейінгі мүшесі барларда Қарабөгет тұғыр биігінен көрінді. Ал Көктерек бастауыш партия ұйымы тиісінше ІІ орыннан, ал Бақалы ІІІ орыннан көрінді.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілсе, ең үздіктерге облысқа жолдама берілді.
Өз тілшіміз.