Аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызмет-керлерінің күні салтанатты түрде аталып өтті. Жиында ауыл шаруашылығы саласының 2017 жылғы қорытындысы және 2018 жылға белгіленген міндеттері туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Маманбаев баяндама жасады.
Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Бұл – экономиканың ең маңызды саласының бірі. Халық тұтынысына қажетті тауарлардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Аудан негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған аудан екені өздеріңізге мәлім. Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы саласында 1500-ден астам агроқұрылым жұмыс істеп жатыр, барлық ауыл шаруашылық саласы өндірілетін өнімнің 85 пайызын құрайды.
Ағымдағы жылы аграрлық секторда өндірілетін өнім көлемінің жоспары 27 млрд. теңге болса, 10 айда 27 млрд. 898 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде: 18 млрд. 349 млн. теңгесі егін шаруашылығы, 9 млрд. 470 млн. теңгесі мал шаруашылығына тиесілі.Өсім – 105,0 пайыз. Биылғы жылы 94867 гектар жерге егін себілсе, оның 49152 га дәнді дақылдар, 35756 га майлы дақылдар, 1600 га қант қызылшасы, 912 га картоп, 641 га көкөніс өнімдері. Бүгінгі күнге дәнді дақылдардан 116 мың тонна астық жиналып, орташа өнімділігі гектарына 24 центнерден айналды (2016ж –103944 тонна 21,6 ц/га). Майлы дақылдардың 35756 гектары жиналып, 62911 тонна алынды, орташа өнімділігі гектарына 17,6 центнер (2016ж–59971тн.,16,7ц/га) құрады.
Қажырлы еңбек түбі береке мен ырыс екенін дәлелдеген қызыл-шашыларымыз биылғы жылы аудан бойынша 1600 гектар жерден гектарына 355 центнерден орташа өнім алып, 56817 тонна қант қызылшасын жинады. Осы салада аянбай еңбек етіп, қант қызылшасының өнімділігін арттыруға, өз үлестірін қосқан шаруа қожалықтарының еңбектерін атап өткім келеді. Олар: Бақалы ауылдық округінен – «Бақалы-Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Есімжанов Бауыржан Серікжанұлы гектарына 513,5 центнерден, Қарабөгет ауылдық округінен – «Абылқасымов Б.» гектарына 396,6 центнерден, Сарқан қаласынан «Самал» шаруа қожалығының басшысы – Қалиев Ермек гектарына 377 центнерден өнім алды.
Бұдан әрі баяндамашы ауыл шаруашылығына қатысты мем-лекеттік бағдарламалардың ор-ындалуы, кооператив желісін дамыту, суармалы егіс көлемін айналымға енгізу және басқа да өзекті мәселелерді сөзіне арқау етіп, қажырлы еңбектерiмен елiмiздiң экономикасының дамуымен қатар қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып жүрген ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне амандық, береке мен бірлік және толағай табыс тіледі.
Жыл қорытындысында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртілеу Мұқашев Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Сарқанирригация» кәсіпорынының басшысы Заманхан Әшірбеков Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен бір топ озаттар Сарқан ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапатталды.
Аудан ауыл шаруашылық еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау үшін сөз алған Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмжан Омаров Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігінің Құрмет грамотасын Бақалы ауылдық округі сервистік дайындау орталығының басшысы Серікжан Есімжановқа, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Құрмет грамотасын Бақалы ауылдық округіндегі «Дуйсебаев Е.» шаруа қожалығының басшысы Ербол Дүйсебаевқа, Черкасск ауылдық округіндегі «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сұрыптау жөніндегі» Сарқан астық-жем филиалының меңгерушісі Тамара Иващенкоға, Алматы облысы ветеринария басқармасының Құрмет грамотасын Алмалы ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Нұрлан Жантасовқа табыстады.
Сондай-ақ ауданның ауыл шаруа-шылық саласында жетістіктерге жеткен озаттар кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Мұханованың қолынан Құрмет грамоталарын, алғыс хаттарды алып, сый-құрметке бөленді. Мерекелік жиында ауыл шаруашылық саласында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген округтер үшін ауыспалы «Үздік округ әкімі» номинациясын табыс ету дәстүрге айналған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша осы номинацияға лайық деп Черкасск ауылдық округінің әкімі Мақсат Айтжанов танылып, Сарқан ауданы әкімінің ауыспалы кубогымен және дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар ауыл шаруа-шылығы қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырған үздік көрмелер анықталып, бас жүлде Шатырбай, І орын Бақалы, ІІ орын Лепсі, ІІІ орын Екіаша, ынталандыру сыйлығы Қарашыған ауылдық округтеріне тиесілі болды.