Өзекті мәселелер қаралды

Жуырда аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) Алматы облысы бойынша  департаменттерінің басшыларымен кездесу болып өтті.  Кездесуге аудан әкімі Марат Разбеков төрағалық етті.

Алдымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша  департамент басшысы Данияр Тұрғанбаев баяндама жасады. Қоғамның жегі құрты – жемқорлықтың алдын алу жұмыстары турасында кеңінен сөз қозғаған Данияр Мұханұлы материалды-моралдық шығыннан бөлек өмір бойы өзіне, жақындарына қара дақ болып жабысатын сыбайластықтың ауыр салдарын баяндамасына арқау етті. Облыс көлемінде жемқорлық дерегімен жұртшылыққа есімдері жария болып, өмірбақи мемлекеттік қызметтен аластатылғандар  көпшілікке көрсетілген арнайы бейнебаян өзегіне негіз болды.

Бұдан соң ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша  департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаев заман талабына сай жыл сайын өзгеріп жатқан мемлекеттік қызметке қабылдаудағы жаңашылдықтар турасында сөз өрбітті. Мемлекеттік қызметшіге жүктелетін зор жауапкершілік, аталмыш саланың жұмысын жетілдіруге бағытталған келер жылғы соны өзгерістер Серікбай Өрікбайұлының негізгі ойымен сабақтасты. Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын да қоюға мүмкіндік алды.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: