Жуырда облыс әкімі Қанат Бозымбаев Сарқан ауданына арнайы іссапармен келді. Алдымен өңір басшысы ауданға кіреберісте орын тепкен «Самал» шаруа қожалығына ат басын бұрып, көктемгі дала жұмыстарымен кеңінен танысты. Агроөнеркәсіптік салаға арқа сүйеген саялы өңірдің көрсеткіштеріне көз салып, диқандарды толғандырған мәселелерге назар аударды.
Бұдан соң облыс басшысы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұнда спорттың 12 түріне арналған секцияларда мыңнан астам бала жаттығады. 37 маман болашақ чемпиондарды спорттың қыр – сырына баулуда. Облыс әкімі бастаған топ аудан намысын облыстық, республикалық, әлемдік додаларда лайықты қорғап жүрген балғын спортшылармен жүздесіп, нысанды аралап көрді. Келесі кезекте аудандық орталық ауруханаға барған меймандарды аталмыш мекеменің бас дәрігері Алтай Шұлғаубаев қарсы алып, нысанның жекелеген ғимараттарында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен жақынырақ таныстырды. Осыдан 3-4 жыл бұрын орталық аурухананың жаңадан салынған 3 қабатты ғимаратына ауысқан бірқатар бөлімдердің есебінен біраз кабинеттер босап қалған болатын. Аурухана басшылығы аталмыш кабинеттерге заманауи жөндеу жұмыстарын жүргізіп, емхананы сонда көшіруді, ал ескі емхананы дәрігерлерге арналған 10 пәтерлі жатақханаға бейімдеуді жоспарлап отыр. Өңір басшысымен кездесу барысында осынау жұмыстардың жай-күйі баяндалып, жалпы ауданның денсаулық саласындағы көрсеткіштері сөз болды.
Аудандық мәдениет үйін-де тұрғындармен кездесу өткізген облыс әкімінің баяндамасына Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары арқау болды. Қанат Алдабергенұлының айтуынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында барлық салаларда оң өзгерістер байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 (алты да бес) пайызға (388,2 млрд. теңге), ауыл шаруашылығы – 2,2 (екі де екі) пайызға (118,1 млрд. теңге), сауда – 5,3 (бес те үш) пайызға (114,2 млрд. теңге), құрылыс – 5,4 (бес те төрт) пайызға (29,2 млрд. теңге) ұлғайған. Сондай-ақ 229 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 97 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 31 пайызға өсіп, 102 млрд. теңгені құраған.
Облыс әкімі қант қызылшасы мен майлы дақылдарды негізгі өндірушілердің бірі болып табылатын Сарқан ауданының Жетісу өңірінің экономикасының дамуындағы өзіндік үлесіне тоқталды. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы оңды өзгерістерді тізбелеген облыс әкімі сонымен бірге түйінді мәселелерді де атап өтті.
Олар жаңа өңдеу өндірістерін, сүт-тауарлық фермалар мен көкөніс қоймаларын ашу үшін инвесторлар тарту бойынша жұмысты жандандыру, озық технологияларды қолдану арқылы басым ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруды, істен шыққан ішкі ирригациялық желілердің жөнделуін ерекше бақылауға алуды, әсіресе кез келген салаға қан жүгіртетін инвестиция тарту мәселесін ерекше назарға алуды тапсырды. Ішкі туризм мен шағын және орта бизнесті өркендету, тұрғындарды қолжетімді баспанамен, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, жолдардың жағдайын жақсарту сынды бірқатар мәселелерді атап көрсеткен Қанат Алдабергенұлы әр салаға жауапты орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалықтар қатарында биылғы жылы Көктерек ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 353,3 млн. теңге бөлінген. 2023-2024 жылдары Алмалы ауылы мен Сарқан қаласында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынбақшы. Сарқан қаласында жалпы құны 4,6 млрд. теңге болатын орталық стадион қайта жаңартылатын болды.
Келесі кезекте Қанат Алдабергенұлы тұрғындардың сауалдарына құлақ түрді. Қарабөгет ауылындағы әл Фараби атындағы орта мектептің күрделі жөндеуіне бастапқыда бөлінген қаржының жетіспейтіндігі, Сарқан қаласындағы Қабанбай батыр көшесіне күрделі жөндеу керектігі, аудан орталығындағы ауыз судың тазалығы, табиғи газдың, жастарға арнайы ғимараттың жоқтығы, орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізудің қажеттігі, Лепсі ауылындағы 16 шақырымдық «Алтын су» каналын жөндеу, тұрғын үйлерді көптеп салу, үкіметтен дихандарға бөлінетін жеңілдетілген жанар-жағар майдың сапасының сын көтермейтіндігі, 1993 жылдары салынған қалалық мешітке күрделі жөндеу керектігі, өңірдегі электр қуатының құнын төмендету сынды өзекті мәселелер тұрғындар тарапынан сұрақ болып көтерілді. Әрбір сауалға жекелей тоқталған облыс әкімі Қанат Бозымбаев аталмыш түйткілді түйіндерді шешу жолдарын қарастыруды орынбасарларына, тиісті басқарма басшылары мен аудан әкіміне тапсырды.
П.Жеңісхан.